RU
Мүфтият Телібековке мұсылмандар атынан сөйлеуге тыйым салды

Мүфтият Телібековке мұсылмандар атынан сөйлеуге тыйым салды

Рассказать Вконтакте

«Қазақстан мұсылмандар одағы» деген ұйым құрып, өзін сол ұйымның басшысы ретінде таныстырып жүрген Мұрат Телібеков туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Қамшы порталы.

Мүфтият өкілі newtimes.kz ақпараттық сайтының сауалына берген жауабында Мұрат Телібековтің әрекетін Қазақстанның мұсылман жамағатына қатысы жоқ дегенді айтады.

«ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы – ред.) бұған дейін де Мұрат Телібеков Қазақстанның барлық мұсылмандары атынан сөйлеуге құқығы жоқтығы, «Қазақстанның мұсылмандар одағы» мұсылман ұйымы емес екендігі туралы ресми мәлімдеме жасаған болатын. Біз Әділет министрлігіне де сұрау салып, аталған ұйым туралы мәліметтерді іздестірдік. Бізге министрліктен «Қазақстан мұсылмандарының одағы» деген ұйымның тіркелмегені туралы жауап келді. Бұдан басқа, Мұрат Телібеков ешбір діни ұйымның басшысы немесе мүшесі ретінде де тіркелмеген. Осыған байланысты ҚМДБ оның өзін Қазақстан мұсылмандар одағының басшысы деп таныстыруына, БАҚ-тарда мұсылмандар атынан сөйлеуге, өмірде жоқ ұйымның атынан ақпарат таратуға құқығы жоқ деп санайды», - делінген ҚМДБ баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қонарбайұлы берген жауапта.

Сондай-ақ, newtimes.kz-ке аталған ұйым туралы «Діндерді зерттеу орталықтары қауымдастығының» директоры Юлия Денисенко да пікір білдірген.

«Ел ішінде Мұрат Телібековтің БАҚ-та көріну үшін ақпараттық себеп туғызуға тырысып жүрген адам екенін бәрі біледі. Ал, шетелдік құқықорғау органдарын «Қазақстан мұсылмандар одағы» адастырып келеді. Адам құқықтары, терроризм, экстремизммен күрес тақырыбындағы жиындарда, дөңгелек үстелдерде оның пікірлері мұсылмандар діни бірлестігі атынан қабылданып жүр. Мұрат Телібековтің жыныстық қатынасқа салық енгізу сияқты деструктивті сөздері қоғамда түсінбеушілік тудырып, халықаралық ұйымдармен байланыс орнату әрекеттеріне кедергі жасауда. Сол үшін оның Қазақстан мұсылмандары атынан сөйлеуінің жолын кесу керек», - деген Юлия Денисенко.

Ал, Мұрат Телібековтің өзі «Қазақстан мұсылмандар одағының» «МАК» – Muslim Аssociation of Kazakhstan жеке қайырымдылық қоры ретінде тіркелген ұйым екендігін, оған қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, мүшелікке өтуге болатынын және ол үшін мұсылман болу міндетті емес екендігін айтқан.

"Қазақстан мұсылмандар одағы" ұйымы басшысы ретінде танымал болған Мұрат Телібеков бұған дейін ұйым атынан МС Сайлаубек есімді рэперге "Жыл адамы" атағын беріп, М. Саакашвиллиді Қазақстанның бір облысына әкім етіп тағайындауды, Г. Мерченконы ҚМДБ төрағалығына ұсынып, жыныстық қатынасқа түсетіндерден салық жинауды бастама етіп көтеріп аты шыққан болатын. Қазір Алматының Алмалы аудандық сотында "Мұрат Телібековтің "Ветер с улицы" кітабынан қазақ халқының ар-намысына тиетін үзінділер жариялады" деген айыппен қоғам белсенділері Е. Нарымбаев пен С. Мәмбеталиннің үстінен қылмыстық іс қаралуда. М. Телібековтың өзі аталған кітаптың авторы екенін мойындағанымен, қос белсенді жариялаған үзінділерге қатысым жоқ деп, ат-тонын ала қашып отыр.

Сіздің реакцияңыз
113
27
4
3
0
33
10
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel