RU

Келімбетов кеткеннен кейін теңге 77 теңгеге құнсызданған

Ұлттық банктің экс-басшысы Қайрат Келімбетов кеткеннен кейін теңге 77 теңгеге құнсызданған деп жазды Қамшы порталы.

"Сыншыларың басым көпшілігі теңгенің құнсызданып, АҚШ долларының асқақтауына бір ғана Келімбетов кінәлідей жазғырған болатын. Алайда, Данияр Ақышевтың өзі АҚШ долларының шамадан тыс асқақтауына тұсау бола алмады. Бұл деген сөз Ұлттық банк басшысы болып кім тағайындалса да одан ешқандай пайда жоқ екенін аңғартты", - деп жазады басылым.

Басылымның жазуынша, қазіргі таңда Қайрат Келімбетовтің жаны жай тауып, құлағы тынышталған. Өйткені, ол жуырда халықаралық “Астана” қаржы орталығының басшысы болып тағайындалды. Енді оны ешкім «төл теңгені құнсыздандырып, АҚШ долларын ауыздықтай алмады» деп айыптамайды. Алайда Қайрат Нематұлы қызметінен кеткеннен кейінде теңгенің ахуалы жақсара қоймады. Жақсара қоймағаны былай тұрсын тіпті, төл теңге одан сайын құнсызданып кетті. Мәселен, экс-банкир қызметтен кеткен кезде 1 АҚШ доллары 280 теңге болса, қазіргі таңда оның құны 360 теңгеге жетіп отыр.

"Десек те, үкімет теңгенің құнсыздануын мұнай бағасының төмендеуінен ғана көріп, қол қусырып отыр. Алайда үкімет әу баста қам жасап, дұрыс экономикалық саясат жүргізе білсе теңге дәл қазіргідей құнсызданбас еді", - дейді мақала авторы.

Басылым сонымен бірге мақала барысында қытайдың экономист сарапшысы Генри Лю Қазақ елін 1 жылдың ішінде бай қыламын деген сөзін еске түсіреді.

Экономистің айтуынша, Қазақия экономикасын көтерудің бірнеше тәсілі бар. Солардың бірі – елдегі мұнайды теңгемен сату. Нәтижесінде мемлекеттің долларға тәуелділігі төмендейді. Ол мұндай кеңесті кезінде Қытай үкіметіне бергенін, қытайлар қазіргі уақытта сыртқы сауданы төл валюталары – юаньмен жүргізуге көшіп жатқанын айтқан.

"Мен антиамерикандық емеспін. Америкалықтар қазір мұнайларыңызды доллармен сатып алып жатыр. Егер "қара алтынды" теңгемен сатсаңыздар, олардың активтері сіздердің қолдарыңызға өтеді. Неліктен? Себебі олар мұнайдан бұрын сіздерден теңгені сатып алады. Ал теңгенің валюталық курсы Қазақстан Ұлттық банкінің қолында", – деген Генри Людің сөзін мақала авторы оқырмандардың есіне салады.

Сондай-ақ, автор теңгенің күн санап құнсыздануына енжанрлық танытып отырған үкіметті сынға алды.

"Бір қызығы қытайлық экономистің кеңесіне біздің үкімет немқұрайлы қарап, мән бермеген көрінеді. Міне, осының салдарынан қазіргі таңда төл теңгеміз әлемдегі валюталардың ішінде ең құнсызданған ақша болып отыр. Жалпы қандайда бір тиімді әдісті пайдаланып, жүзеге асыруға біздің үкімет енжанрлық танытады. Осы енжарлықтан арылмасақ мың жерден Ұлттық банк басшысын ауыстырсақта одан нәтиже шамалы. Бұған Келімбетовтен кейін төл теңгенің 77 теңгеге құнсызданғаны дәлел бола алады", - деп түйіндейді басылым.

Атап өтсек, әлеуметтік желілер соның ішінде Facebook пайдаланушылары қалжың-шыны араласа, Ұлттық банктің бұрынғы басшысын қайтып келуді сұрап жатыр. Тіпті "270-ге де келісетінін" жарыса жазуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1009689-kelimbetov-ketkennen-keyin-tenhge-77-tenh.html