RU

Петропавл тұрғыны 34 жасында 12-ші рет ана атанды

Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Култышева 34 жасында 12-рет ана атанды деп хабарлайды 24.kz.

Қаңтардың 8-інен 9-ына қараған түні келіншек Данил есімді сәбиін дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы – 3 келі 900 грамм, ал бойы – 53 сантиметр.

Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың жағдайы жақсы. Оларды перзентханадан шығару үшін отағасы барлық баласын өзімен бірге ала келіпті. «Алтын алқа» иегері тұңғышын 20 жасында босанған. Көпбалалы ана әрқайсына ай сайын жәрдемақы алады.

«Бұл – жас аналарға деген мемлекеттің қолдауы», - дейді Татьяна.

Осы жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне республикалық бюджеттен 37,3 млрд теңге бөлініп отыр.

"Жанұямызға 12-бала қосылды. Өте қуаныштымыз. Әрқайсысын бірдей жақсы көреміз. Бұл соңғысы емес. Сәтін салса, тағы бірнешеуін сүйерміз. Әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ", - дейді көпбалалы ана Татьяна Култышева.

Мамандар осы жаста 12 баланы дүниеге әкелу өте сирек жағдай екенін айтады.

"Бұған дейін тоғызыншы, оныншы рет босанған әйелдер болды. Бірақ осы жаста 12 бала туу – өте сирек жағдай. Өз тәжірибемде кездестірмеппін. Мүмкін тағы келер. Біз оны күтеміз", - дейді акушер-гинеколог дәрігер Юлия Елькина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1010049-petropavl-turghyny-34-zhasynda-12-shi-ret-ana.html