Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық танымал КВН-шілердің сүйіктілері кім? (фото)

Опубликовано:

Есімі елге белгілі КВН-ші жігіттердің жеке өмірі жайлы халық көп біле бермейді. Орынды әзілдері, жарқын образдары ел есінде жатталып қалған әзіл саласының әртістері бүгінде жеке жобаларын ашып, жұрт ықыласына бөленіп жүр, деп жазады NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап.

Нұрлан Қоянбаев

Қазақстанның ең танымал КВН-шісі Нұрлан Қоянбаевтың үйленгеніне жеті жылдан асып барады. Жұбайының есімі Әйгерім. Нұрлан сүйіктісін Алматыдағы аграрлық университет проректорының көмекшісі болып жүргенде кездестірген.

Студент бойжеткенмен етене танысып, біраз жыл сырласқан Қоянбаев ғашығына 2008 жылы үйленуге сөз салған. Бүгінде жұлдызды отбасы Нұрай есімді қызы мен Нұрсейіт есімді ұлын өсіріп отыр.

Тұрсынбек Қабатов

Танымал КВН-ші Тұрсынбек Қабатовтың Мөлдір есімді арумен шаңырақ көтергеніне біраз жыл өткен. Бақытты отбасының Әдемі, Айым, Айару есімді үш қызы және Нұриман есімді ұлы бар.

Тұрсынбектің үлкен қыздары концерттерде, әкесі жүргізетін кештерде халықты биімен тамсандырып жүр. Қабатов жар таңдауда жолы болғанын жиі ауызға алады, себебі әзілдерінің өтімді екенін бағамдайтын ең бірінші сыншысы КВН-шінің аяулы жары екен.

Дәуіт Шайхисламов

"Наша Казаша" жобасының іргесін қалаған КВН-ші Дәуіт Шайхисламов танымал іскер әйел Дана Орманбаеваның жары. Үлгілі отбасы бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр: Бексұлтан, Исламбек, Шарлиз және Дилан. Дәуіт пен Дана 2005 жылы Мәскеуде Наурыз мерекесін тойлау кешінде алғаш рет жүздескен.

Дәуіт сүйіктісін Мәскеуге бірге ұшқан сапарында, ұшақтың ішінде байқап, ұнатып қалған. Мерекелік кеште КВН-ші Дананың телефон нөмірін сұрап, биге шақырып, кеш бойы көңілін аулаған. Сол сәттен бастап қос ғашық жұбын жазбаған.

Нұртас Адамбай

Белгілі КВН-ші, актер әрі режиссер Нұртас Адамбайдың әйелінің есімі Ғалия. Ол графикалық дизайн маманы. Нұртас болашақ жарын досының туған күн кешінде жолықтырған.

2012 жылы Нұртастың отбасында Әлішер есімді ұл дүниеге келеді. КВН-шінің пікірінше, бұл оның өміріндегі ең елеулі сәттердің бірі.

"Басыма қандай да бір қиын жағдай түсе қалса, ұлымды қолыма алам. Ол маған жігер беретіндей, сол сәтте алға жылжуым керектігін түсінем", - дейді Нұртас Адамбай.

КВН-ші әйелімен ажырасып, біраз уақыт бойы бөлек тұрса да, кейіннен ұлының қамын ойлап, ерлі-зайыптылар қайта қосылған. Қазірде бақытты отбасы бір шаңырақ астында ғұмыр кешуде.

Құмар Лұқманов

КВН жанкүйерлерінің тағы бір сүйікті кейіпкері Құмар Лұқманов әйелімен пойызда танысқан. Құмар командасымен Қазан қаласынан Мәскеуге жол тартқан кезде оның болашақ жары Гүзел де КВН-шімен сапарлас болған. Сұлу бойжеткенді бірінші Дәуіт Шайхисламов байқап, көрші купеде әдемі арудың келе жатқанын Құмарға айтқан және сұлу бикешпен жақын танысуға кеңесін де беріпті.

Аруды алғаш көрген Лұқманов оны бірден ұнатып қалған. Бір-біріне қонаққа барып, бірнеше рет кездескеннен кейін Құмар тағдыры осы қызбен байланысты екенін түсінеді. 2005 жылы отау құрған ғашықтар қазір төрт ұл асырап отыр: Әнуар, Әмір, Тимур және бірер күн бұрын туылған төртінші ұлының есімі әлі белгісіз. Гүзел тек сұлу ғана емес, Ресей мен Қазанда бірнеше ән байқауларының жеңімпазы болған тамаша әнші.

Дәурен Айдарқұлов

Дәурен Айдарқұлов болашақ жарымен 2007 жылы танысқан. Павлодардан досымен бірге жолға шыққан Дәурен Баянауыл ауданының Жасыбай көліне аялдап, тынығып алуды жөн көреді. Сонда Баянгүл есімді аруды жолықтырып, бірден ұнатқан КВН-ші сүйіктісіне бір жылдан соң сөз салады.

Қазірде қос ғашықтың екі қызы, Әбдірахман есімді ұлы бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1010432-qazaqstandyq-tanymal-kvn-shilerdinh-zhe/

pixel