RU

Павлодарда жас жігіттер кәсіпорындарды тонаумен айналысқан

Ақсу қаласының полицейлері бірнеше кәсіпорынды тонады деген күдікпен 23-26 жастағы төрт ер азаматты ұстады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер Ақсу кентіндегі төлем терминалдарынан ақша ұрлаған сәтте құрықталды.

"Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында осы топ мүшелерінің өзге өзге қылмыстарға қатысты екені анықталды. Үш сыбайлас өткен жылдың наурыз айында «МежГорТранс-ПВ» ЖШС-н тонады деген күдік бар. Жас жігіттер күзетшіге бас салып, әкімшілік ғимараттың ішінен жалпы құны екі миллион теңгеден асатын қаржы мен жабдықтарды ұрлап кеткен. Топтың екі мүшесі былтырғы жылдың қыркүйегінде «Каскад» ЖШС-нен 500 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған. Сонымен қатар «ДАНиЕР» ЖШС-не түсіп, ақша ұрлаған. Келтірілген шығын көлемі – 300 мың теңге", - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

ІІД-нің хабарлауынша, күдіктілерден тәркіленген мүлік қылмыстық іске заттай айғақ ретінде тіркелді.

"Барлық фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабының 3-бөлігі, 191-баптың 1,2,3,4-тармақтары, сонымен қатар 24-бабының 3-бөлігі, 188-бөлігінің 2, 1,3 тармақтары және 2-бөлігінің 1-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Үш күдікті тұтқынға алынды, ал төртінші азаматқа қатысты ешқайда кетпеу бұлтартпау шарасы қолданылды", - деп хабарлады ведомстводан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1010526-pavlodarda-zhas-zhigtter-kasiporyndar.html