RU

Блогер астаналықтардың неге үнемі ашушаң болып жүретінін анықтады

Астана қаласының тұрғындары қатал мінезімен ерекшеленеді. Қатты жел мен ызғар және дөрекі қызмет тұрғындарды қатайтып жіберген. Олардың бәрі ашушаң. Мұндай пікірді блогер Ұлпан Рамазанова өз жазбасында жария етті.

Yvision.kz тұғырнамасында блогер Астанада тұрып жатып Алматыны алғашқы махаббатындай аңсағанын алға тартты. Ал Астана оған «жақсы отбасынан шыққан кеудесі кішкентай әйелмен амалсыз тұрып жатқан» адамның жағдайын еске салады екен. Ұлпан ол жерден ешқайда қашып кете алмайтынын түсінген.

«Дегенмен алмалы қалаға келе салысымен, терең тыныс алып, бүкіл күйзеліс ағзамнан ұшып кетті», - деп жазады блогер.

Ұлпан Астанада жүріп оның ерекшеліктерін бірден байқаған екен.

«Бірінші көзге түсетіні - барлық астаналықтар ашушаң. Қаланы тұмшалаған бұлыңғыр бұлттан кептеліс кезінде тұрғындар құбыжыққа айналады. Өзім де сондай жағдайда болдым, сондықтан маған тас лақтыруға асықпаңыздар», - дейді Рамазанова.

Астаналықтарды бір апта бойы бақылаған ол тұрғындардың ашушаң болуына әсер ететін себептерді анықтаған.

Бірінші себеп – жел.

«Желден қашып құтыла алмайсың. Ол түні бойы ұлып, сенің шашыңды сабанға айналдырады, ал көздеріңізді шаңжинағыш деп елестете беріңіз. Мектепте желге қарсы жатып ойнаушы едік, ал мына қалада тұрғындар жел бағытымен сырғанай кетеді, Астана - ұшып жүрген пакеттердің қаласы», - дейді Рамазанова.

Қалалықтардың ызалы болуына екінші себеп – аяз.

«Тауық етін жеу үшін Хан-Шатырға дейін жету оңай шаруа емес. Иньяриттуді шақыртып, аман қалғандар туралы фильм түсіруге болады. Бірнеше күн бұрын нан үшін дүкенге бармақ болып едім, сол арада шашым мұз боп қатып, таңдайым қақсай бастады. Қар ойнап жүруге де шыдам керек», - деп блогер аязды суреттеді.

Үшінші себеп  - аптап ыстық, астаналық аптап ыстық.

«Астананың мәдениетті тұрғыны болып көрінуге тырыса бастасаң, автобустар бірден сенің түріңді реттеп, қоғамдық көліктен бұқтырылған ет болып шығасың», - дейді бойжеткен.

Төртінші себеп – адам сияқты демалуға болатын орындардың жоқтығы.

«Қыдырып баратын жер расымен жоқ. Алматылықтарда тым құрымаса тау бар, кальян мен великтер де жетеді. Қазір жағдай біртіндеп оңалып жатқанымен, бұрында бұл жерден түк таба алмайтынсың», - деп түйді ол.

Бесінші себеп – дөрекі қызмет көрсету.

«Апта ішінде мені саудагер-консультанттар екі рет итеріп, супермаркетте тіл тигізді, ал кафеде тіпті маған көңіл аудармады. Соңына дейін біздің қызмет көрсету саласының ессіздігіне сенгім келмесе де, шындық осындай болды. Бәлкім бұлыңғыр бұлт әсер еткен шығар», - дейді блогер.

Алтыншы себеп – Астанадағы  қоғамдық көліктер.

«Бұны сөзбен айтып жеткізе алмассың. 200 теңгеге сізді ешқайда жеткізіп салмайды. Тәжірибе жасап, бұл бағаға 500 метрлік жолға жеткізіп салуын сұрадым. Екі ретінде маған "ұятың бар ма?" деп жауап қайтарса, біреуі, тіпті бұл соқыр тиынға автобуспен жүр деп айқайлап кетті», - дейді Ұлпан.

Блогер жергілікті автобустарды да сынға алды.

«Автобустар - бөлек әңгіме. Мен отырған автобустардың бірінде адамдар дұрыс тұра алмады. Аяқ асты қозғалып, тоқтайтын автобустар - қаланың басты ерекшелігі секілді. Үйге дейін жеткенше автобуста түрлі би орындауыма тура келгені соншалық, кондукторға 90 теңгені бергім де келмей қалды», - деп жалғастырды бойжеткен.

Жетінші себеп - қаланың электронды картасының жоқтығы.

«2GIS жоқ. Негізінен бар, бірақ оны пайдаланып жатқандар жоқтың қасы. Бір-бірінен айнымайтын сәулет ғажайыптарының арасында адасып қалу қиын емес. Мен оң мен солды да шатастырып жаттым», - деп ағынан жарылды Ұлпан.

Сегізінші себеп – кептеліс.

«Тіпті есеңгіреп қаласың. Кішкентай жолдар ірі кептелістер тудырады. Кептелістер тұрғындардың нағыз бет-бейнесін ашып, адамдар бір-біріне айқайлауға кіріседі», - дейді блогер.

Соңғы әрі басты себеп - Астананың жастығы.

«Астана әлі жас, өзінің келбетіне алаңдап, тонналап бояу жағады, қымбат жылтырақ киімдер киеді. Оның жеткіншек жасындағы дүрлікпесі қала тұрғындарына да әсер етеді», - деп түйді Рамазанова.

Өз блогының соңында ол барлығына астаналықтарға жақсылық тілеуді ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1010678-qazaqstan-turghyny-astanalyqtardynh-n.html