RU

Мүфтият жынысын ауыстыратындарға қатысты пәтуа шығарды

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі қазіргі заманауи медицинада орын алып жатқан адамның жыныстық ағзаларын ауыстыруға қатысты пікірін білдіріп, пәтуа шығарды. Бұл туралы NUR.KZ порталына ҚМДБ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Мүфтият шариғи тұрғыдан жыныстық мүшені ауыстыруға тыйым салынады деп түсіндіреді. Оған қатысты пәтуа бөлімі айғақ болатын аят-хадистерді де келтіреді.

1) Жыныстық мүшені ауыстыру – Жаратушының жаратылысын өзгерткенмен тең. Алла Тағала мұндай өзгертулерді харам еткен. Себебі, мұндай сорақы іс-әрекет Ібіліс шайтанның діттеген мақсатына кіреді. Алла Тағала Құранда Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкендігін ескертеді:

﴿وَلآمُرَنَّهُمْ فَلَيُغَيِّرُنَّ خَلْقَ اللَّهِ﴾

«Мен, оларға (адамзатқа) Алланың жаратылысын өзгертсін деп, сөзсіз, әмір етемін» .

2) Шариғатта ер кісінің әйелге, әйелдің ер кісіге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсағысы келген еркектерге және еркектерге ұқсағысы келген әйелдерге лағынет айтты», – деген .

3) Мұндай жыныстық өзгертулер ер мен ердің, әйел мен әйелдің үйленуіне жол ашады. Ал шариғатымыз мұндай сорақы істі харам еткен. Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы – Лұт пайғамбардың дәуірінде жасалған азғындықтың жалғасы.

Дүниежүзілік мұсылман Лигасына қарасты Ислами Фиқһ Академиясы өзінің он бірінші отырысында осы мәселе жөнінде: «Аталық жыныс мүшелері толық жетілген ер кісінің немесе аналық жыныс мүшелері толық жетілген әйелдің жыныс мүшесін қарсы тараптың жыныс мүшесіне ауыстыруы – харам іс. Бұл үлкен күнәлардың қатарына жатады. Мұндай сорақы іске қадам басқан адам жазаға лайық болады. Өйткені бұл іс Алланың жаратқан жаратылысын өзгерткенмен тең», – деген шешім шығарған .

Соңғы уақытта елімізде де көрініс тапқан мәселеге қатысты мүфтият "Шариғат бойынша ер кісінің жыныс мүшесін әйелдің жыныс мүшесіне ауыстыруы немесе әйелдің жыныстық мүшесін ер кісінің жыныстық мүшесіне ауыстыруы – харам" деген қорытынды шығарды.

Еске сала кетсек, бұған дейін NUR.KZ 10 жылға жуық еңбек өтілі бар полиция қызметкерінің жынысын ауыстырған соң, қызметінен қуылғанын хабарлаған болатын.

Біздің тілшіге берген сұхбатында азамат сүйген адамымен бас қосып, бала асырап алу ниеті бар екенін жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1010827-mftiyat-zhynysyn-auystyratyndargha-bagh.html