RU

Ақтөбе облысында үш күннен бері қар астында қалған жолаушыларға ешкім көмек бермеген

Хромтау ауданы «Тассай-Ақжар» бағытындағы тас жолда 4 автокөлік қарға батып жатыр. Барлығы да жеңіл машиналар. Құтқарушылардан еш қайыр болмағанын айтқан жолаушылар көмек сұрауда деп жазады NUR.KZ тілшісі.

«Далада жатқанымызға бүгін үшінші тәулік болды.  Төтенше жағдай қызметіне де, аудан әкімдігіне де хабарластық. Ешкімнен көмек жоқ. Бұлай жата берсек, аязда қатып, аштан өлеміз. Машинаны жылытып, жанармайды да тауыстық. Жолаушыларымыз жаяулатып ауылға кетті. Машинада қалған он шақты адам енді ешқайда шыға алмай отырмыз. Мүмкін тілшілер жан-жаққа жазған кезде бізге көмек келер» - дейді Василий есімді жол бойындағы жолаушы.

Жолаушының жанайқайына ауыл әкімі де жауап берді.

«Ауа-райының қолайсыздығынан ол жаққа жету оңай болмай тұр. Бірақ, бүгін кешке дейін көліктер жолаушыларымен ауыл орталығына жеткізілуі тиіс. Құтқару жұмыстары бүгін ғана қолға алынды. Жүргізушілерге азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізіледі»,-дейді Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров.

Облыста екі күннен бері дүлей боран соғып, бірнеше бағытта жол жабылған болатын. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жолаушылар бастарын қауіпке тігуін доғарар емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1010968-aqtobe-oblysynda-ush-kunnen-beri-10-zholau.html