RU

Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл ақыры қысқармайтын болды

Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл ақыры қысқармайтын болды. Ішкі Істер министрі Қалмұханбет Қасымов «жүргізушілерге жазаны жеңілдетейік» деген мәжілісмендердің ұсынысын елеген жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.

Депутаттар машинаны тыйым салынған жерге қойғаны үшін 43 мың теңге айыппұлды 20 мыңға, ал мүгедек жандарға арналған орынға тоқтағаны үшін белгіленген 106 мың теңге айыппұлды 10 мыңға азайтуды ұсынған. Керісінше, куәліксіз көлік жүргізгендерге жазаны күшейтіп, 100 мың теңгеден астам айыппұл салайық деген болатын. Тіпті төменгі палата адамдарды табысына қарай жазалайық деп те дауырққан-ды.

Алайда кірістен қағылатын Ішкі істер министрлігі айыппұлды еселеп азайтуды сұраған халық қалаулыларының ұсынысына келіскен жоқ. Қоғамда үлкен дау тудырған дәл осы «Жол ережесі туралы» заңды мәжіліс екі жыл бұрын мақұлдағанын айта кетейік.

Айыппұлдар депутаттардың да қалтасына жұқартса керек, енді өздері енгізген өзгерістерге қайта қарсылық танытып жатыр.

«Жол ережесі туралы» заңды қабылдаған кезде жағдай өте қиын болды. Жол апаты мен адам өлімі жиілеп кетті. Жаңа құжат күшіне енген соң екі жылдың ішінде қайғылы оқиғалар 13 пайызға қысқарған екен. Сондықтан заңға қайта өзгеріс енгізейік деген ұсыныс жасадық. Алайда Ішкі Істер министрлігі Әкімшілік кодексті өзгерткісі келмей отыр", - дейді мәжіліс депутаты Галина Баймаханова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011182-zhol-erezhesin-buzghandargha-salynatyn.html