RU

"Дакар" раллиінде үш күннің ішінде екінші адам қаза болды

«Дакар-2016» ралли-марафонында кісі өліміне әкеп соққан екінші оқиға орын алды. Бұл туралы Lenta.ru  Autosport порталына сілтеме жасап хабарлады деп жазады Қазақпарат.

Аргентиналық Кордова қаласында француз шабандозы Лионель Боданың автомобилі тиелген эвакуатор басқа бір машинамен соқтығысты, соның салдарынан бір адам мерт болып, тағы бесеуі әртүрлі жарақат алды. Көмекші техника Боданың Mitsubishi Lancer машинасын Буэнос-Айреске әкетіп бара жатқан болатын, одан әрі машина кемемен Еуропаға жеткізілуі тиіс еді.

9 қаңтарда «автомобиль» класында өнер көрсетіп жатқан Лионель Бода раллидің Боливия аумағында өтіп жатқан жетінші кезеңі кезінде 63 жастағы жанкүйерді қағып кетіп, мерт қылды. Сөйтіп, бұл «Дакар-2016» раллиіндегі екінші адам өлімі болып отыр.

Бұдан бұрын 2010 жылы да жанкүйер қазаға ұшыраған еді. Ол кезде машина жарыс жолынан шығып кетіп, 28 жастағы әйелді қағып өлтірген болатын. Автомобиль рулінде неміс шабандозы Мирко Шультис болған еді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011292-dakar-ralliinde-ush-kunninh-ishinde-ekin.html