RU

Ердоған Ыстамбұлдағы лаңкестік әрекетті қатаң сынға алды

Ыстамбұлдың орталығы Сұлтанаxмет мешіті маңында болған жойқын жарылыстан соңғы мәлімет бойынша 10 адам қаза тауып, 15-і жарақат алды. Түркия билігі жарылысты жасаған жанкештінің аты-жөнін анықтады деп хабарлайды 24.kz.

Ол – 27 жастағы Сирия азаматы. Жойқын жарылыс шетелдік туристер жиі шоғырланатын Ыстамбұлдың ең көрнекті тариxи орындарының бірі Сұлтанаxмет мешітінде кеше Астана уақытымен сағат 14.15-те болды. Түрік ақпарат құралдарының xабарлауынша, жарылысты бір жанкешті ұйымдастырған.

Негізі оқиға ортасында қаза болғандар мен жаралылар арасында көбі шетел азаматтары. Хасеки ауруxанасына әртүрлі жарақатпен жеткізілгендердің қатарында 6 Германия, 1 Норвегия, Оңтүстік Корея мен Перу азаматтары болған. Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

"Таңертең Ыстамбұлда үлкен жарылыс болып, халық қорқыныш пен үрейдің ортасында не істерін білмей шарасыз халге түсті. Президент Тайып Ердоған өз сөзінде жарылысты сириялық азамат жасауы мүмкін екендігін алға тартты. Яғни бұдан біз Таяу Шығыс аймағында лаңкестік ұйымдардың Түркияға қарсы өш алу операциясын жүргізіп отырғандығын аңғарамыз. Өйткені Түркия бір мезетте «Күрдістан Жұмысшы партиясымен» қатар атышулы «Ирак және Левант» содырларымен қызу қанды күрес жүргізуде. Бұдан кейін меніңше, бұл оқиға жуық арада қайталанбауы үшін барлық ірі қалаларымызда қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс", - дейді  Таяу Шығыс аймағы бойынша сарапшы маман Бехри Баш.

"Бұл біздегі алғашқы лаңкестік оқиға емес. Бұған дейін Анкарада 109 адамның өмірін жалмаған террорлық шабуыл тіркеліп еді. Енді міне, Ыстамбұлдың қақ ортасында қайғылы оқиға қайталануда. Әлбетте, бұл қылмысты ұйымдастырушылар өз әрекеттерін әлемге танытып, бейбіт халықтардың зәресін алуды көздейді. Сондықтан бұл қауіп-қатерлерге біріккен күш болып, төтеп беру қажет", - деді Ыстамбұл қаласының тұрғыны Самик Карачай.

"Мен Ыстамбұлдағы Сұлтанахмет алаңында болған лаңкестік әрекетті қатты сынға аламын. Қастандықты сириялық жанкешті жасаған. Салдарынан 10 адам қаза тапты. Арасында шетелдік азаматтармен қоса біздің де отандастарымыз бар. Қаза тапқандарға көңіл айтып, жараланғандардың тез айығып кетуіне тілектеспін. Осы қайғылы оқиға бізге бірлігімізді күшейтіп, ұлт болып лаңкестікке қарсы күресу керек екенін тағы да көрсетіп берді", - дейді  Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

Қазір қаладық полиция төңіректі қоршауға алып, қауіпсіздік шараларын күшейтті. Бұл бағытқа қарай жол-көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Естеріңізде болса, былтыр 6 қаңтарда тура осы Сұлтанаxмет мешітінің полиция бөлімшесіне бір жанкешті шабуылдаған еді. Ол кезде кезекшілікте отырған бір полиция тіл тартпай кетті. Міне, араға бір жыл салып, оқиға қайталануда. Тек бұл жолы жарылыстың зардабы өте ауыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011320-erdoghan-ystambuldaghy-lanhkestik-arek.html