RU

Атырау облысында мұнайшылар қазған орға мал құлап, қырылып жатыр

Атырау облысында мұнайшылар қазған орға мал құлап, қырылып жатыр. Оқиға Исатай ауданына қарасты Жаңаталап кен орны маңында болған деп хабарлайды КТК арнасы.

Тереңдігі 2 метрге жуық шұңқырға түсіп кеткен жылқылардың өлексесін өздері шығара алмаған иелері арнайы техника шақыртты. Қазірдің өзінде 50 бас малдың өлексесі қар астынан алынды. Тұрғындардың айтуынша, ұзындығы 13 шақырым болатын шұңқырдың ішінде әлі де өлі мал жатуы мүмкін. Бірақ жауапты мекеме бұларға үлгертпей, шұңқырды көміп тастауда.

Жылқылар түсіп өлген шұңқыр Жаңаталап мен Салтанат кен орындары арасына газ құбырын тарту үшін қазылған екен. Бұл жұмыстар өткен жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ белгісіз себептерге байланысты аяқталмапты. Енді жұмысын жөнді орындамаған мердігердің кесірінен қарапайым халық қырғын малынан айрылып отыр.

Өлген малдардың біразы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында берілген несиеге алынған. Жылқы өсіріп, жан бағамыз деген жұрттың бес күннен бері өлексе жинап жүрген жайы бар. Кейбірі бір-екі бас малынан, енді бірі үйірінен айрылған.

"Жұмыссыз отырған адамдар бар осы малға қарап отырған. Енді оған біреу жауап беру керек қой деп ойлаймын", - дейді Аққыстау ауылының тұрғыны Мұрат Қадыров.

"1-2 күн боран көмбеген, соның себебінен малымыз траншеяны көрмей түсіп кеткен.  Айғырым үйірімен кетті", - дейді Жансиық Мұхамбетәлиев есімді тұрғын.

Қазылған шұңқырдың иесі – «Монолит Инвест» фирмасы. Мұндағы жұмыстар өткен жылдың тамызында басталып, 4 айда аяқталуы тиіс екен. Бірақ сынақтан өтпеуі себепті тартылған құбырлар көмілмеген. Бірақ фирма басшылығы жылқыны ол жерге итеріп құлатқан жоқпыз деп жауапты қысқа қайырды.

"Ешкім ол жылқыны ол жерге итеріп құлатқан ешкім жоқ ол жерге. Траншея бар болғаны жарты метр ені. Біздің Атыраудың жылқылары секіріп өтіп кету керек. Қар жауғаннан кейін айналып өтетін жол болды. Жолдың барлығы жабылып қалғаннан кейін жылқылар өте алмай траншея жақтан өткен ғой", - деді  "Монолит Инвест " ЖШС бас директоры Бибінұр Юсупова.

Ал малдың қырыла бастағанына аптаға жуықтаса да, ол жерге бір рет те барып көрмеген аудан басшылығы уайымдайтын еш нәрсе жоқ деп жайбарақат отыр.

"Біз енді бұл мәселені қадағалауда ұстап отырмыз. Мердігер мекеме осы қызметті атқарған «Монолит инвест» ЖШС-мен сөйлесіп отырмыз.  Компенсация төлейміз деп отыр. Келіспеген жағдайда, қылмыстық іс көтеріледі, сот арқылы шешіледі", - дейді Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков.

Аудан әкімі бұлай деп басу айтқанымен, жылдар бойы жинап келгенінен бір күнде айрылып қалған жұрт сенгісі жоқ. Сондықтан енді тиісті орындарға жұмыла арыз жазбақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011334-atyrau-oblysynda-munayshylar-qazghan-o.html