RU

Ақтөбелік мұғалім электрокар ойлап тапты

Еңбек пәнінің мұғалімі мен оқушылары техниканың маңызды бөлігін құрастырып шығару үшін жарты жыл уақыт жұмсаған деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты №4 мектептің мұғалімі Алтынбек Сейдалиев көпшілікті тағы да таң қалдырды. Шебер ұстаз бұл жолы шағын машина ойлап тапты.

«Ұсақ жұмыстары көп болды. Қолдары икемді жоғары сынып оқушыларымен бірге жасадық. Техниканың негізгі бөлігі дайын тұр. Енді күн көзінен қуат алатын батареяларды орнатып, корпусын жабу ғана қалды. Электроқозғалтқыш әзірге аккумулятормен жұмыс жасап тұр. Бұл көлік жасау идеясын оқу жылы басталған тұста қолға алған болатынбыз», - дейді еңбек пәнінің мұғалімі Алтынбек Сейдалиев.

Техниканы құрастыруға қажетті жабдықтарды мұғалімнің өзі әкелген. Ал оқушылар - көмекшілер. Ауылда мұғалімнің шеберлігі жоғары бағаланатыны сондай балаларын еңбек пәнінен қосымша сабаққа беретіндер көбейген.

«Қазір мектепте екі шеберхана бар. Балалар өз еріктерімен отырғыш, оқтау секілді тұрмысқа қажетті заттарды жасай береді. Олар көбіне қызықты ойларды ғаламтордан қарап жатады. Бірақ, мен оларға ешкім жасап көрмеген затты өз қиялдарыңмен ойлап табыңдар деп айтып отырамын. Сабақтан тыс уақытта шеберханаға балалар көп келеді», - дейді шебер.

Ұстазынан шәкірттері де озып жатыр. Мектепте өз еріктерімен музыкалық аспаптар жасап шығаратын оқушылар бар. Олар көпшіліктің сұранысымен диваннан бастап, түрлі үй жиһаздарын жасап жүр.

«Балалардың қолөнерге қызығушылығы жақсы. Ол тек ептілікті ғана емес, құрастыру кезінде математиканы да білуді қажет етеді. Сондықтан мен балалардың жасына қарамай, шамасына қарап, білгендерімді үйретуге тырысамын. Бала күнімде мен ойыншықтарымды өзім жасап алатынмын. Ағаштан жасаған машинама достарым қызығып сұрап алатын. Ағаштан ойып, жылқы, қой секілді түрлі жануарлар жасадым. Сымнан майыстырып отырып, мотоцикл құрастырдым. Менің барлық жасаған ойыншықтарым, ауладағы өзім қатарлас балалардың қолында жүрді. Балалардың дүкеннің емес, менің ойыншықтарыммен ойнайтынын мақтаныш көретінмін», - дейді балалық шағын еске алған ұстаз.

Электронды машина Алтынбек Сейдалиевтің алғашқы туындысы емес. Ол осының алдында "Алға" балалар үйінің түлектерімен бірігіп, 400-ге жуық қапшықтан әуе шарын жасап, ұшырған болатын.

Оқушыларымен бірге мотоцикл құрастырып шығарды. Сонымен қатар, мектеп мұғалімі түрлі мүсіндер жасаумен қатар, ағаш жапырағына портреттер салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011369-aqtobelik-mughalim-oylap-tapqan-elekt.html