RU

Алматы облысында ескерткіш орнатамыз деген үш шенеуніктің басы бәлеге қалды

Алматы облысында ескерткіш орнатамыз деген үш  шенеуніктің басы бәлеге қалды. Ескерткіш тұрғызу үшін бюджеттен бөлінген  21 миллион теңгенің 5 миллион теңгесі тексеріс кезінде ұшты-күйлі жоқ боп кеткен.

Сол үшін  мемлекеттік қызметкерлер заң алдында жауап берді деп хабарлайды 31 арна.

Атышулы ескерткіш Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында орналасқан. Дәл осы ескерткіштің құрылысына жергілікті бюджеттен 21 миллион  теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, 5 миллион теңгеден астам қаржы аяқ астынан ұшты-күйлі жоқ болған соң,  тексеріс жүргізіліп, жауапты тұлғалар заң алдында жауап берген.

"Сотқа дейінгі тергеу барысында 5 млн 400 мың теңге жымқырды деп айып тағылған. Сот тергеу барысында сот сараптамасы тағайындалып, жымқырылған ақшаның көлемі 610 мың теңге анықталып, жазасы жеңілдетіліп, әр қайсысына шектеу тағайындалды", - дейді Балқаш аудандық сотының судьясы Бекболат Меркебаев.

Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталық бастығының айтуынша бұл жерде бір емес, бірнеше өрескел қателіктер кеткен. Тіпті ескерткіш  салуға орталықтан арнайы рұқсат қағаз да берілмепті.

"Заң бойынша аудандық әкімдік ұсыныс беру керек болған. Бізге ешқандай ұсыныс хат түскен жоқ", - деді  тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының  директоры Есет Дәуренбаев.

21 миллион 500 мың теңге бөлінген қаржы осылайша талан-таражға кетіп, қай шенеуніктің қалтасында қанша қаржы кеткені белгісіз.

Белгілісі осы іске тікелей қатысты Балқаш аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы Тәжіқұлов, Балқаш су құбыры жеке мекемесінің бастығы Сүлейменов және Балқаш су құбыры филиалының директоры Керімқұловқа екі жыл көлемінде бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011551-almaty-oblysynda-eskertkish-ornatamy.html