RU

Талдықорғанда Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды (фото)

Талдықорғанда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болып өтті деп хабарлайды Қазақпарат.

Оған Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және Қонаевтың туған-туыстары қатысты.

«Бүгін біз Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан, көрнекті тұлғаны еске алып, рухына тағзым етуге жиналып тұрмыз. Ол өзінің қажырлы еңбегінің арқасында кезінде үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанды. Мен Димекеңмен 25 жылдан астам уақыт қызметтес болдым. Ол өте бір мейрімді, қарапайым және аса еңбекқор адам болатын. Алматы қаласының дамуына көп көңіл бөлген жан. Димекеңнің арқасында «Медеу» биік таулы спорт кешені, Республика сарайы және басқа да маңызды нысандар салынды. Қазақстан халқы Димаш Ахметұлын ешқашан ұмытпайды», - деді өз сөзінде мемлекет және қоғам қайраткері, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болған Сұлтан Жиенбаев.

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12-ші қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген.

1930 жылы Алматыдағы №14-ші орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді. 1936 жылы Институтты ойдағыдай бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған Д. Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болған.

1939 жылы Ұлы Отан соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер кенішінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі - Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарған.

1942-1952 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. 1955-1960 жылдары - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-1986 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1986 жылы 16-шы желтоқсан күні Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды.

Бұған наразы болған қазақ жастарының ұйымдастыруымен Желтоқсан оқиғасы орын алды. 1987 жылы маусымдағы пленумда Д. А. Қонаев «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген шешіммен КОКП мүшелігінен босатылды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылы тамыз айының 22-ші жұлдызында 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011671-taldyqorghanda-dinmukhamed-qonaevtynh.html