RU

Жамбылдық отбасы дәретханадан табылған сәбиді өздеріне беруді сұрады

Жағымды жаңалық жайлы Жамбылдық журналист Құралай Сейсенбекқызы өзінің Facebook-тегі жеке парақшасына жариялады деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Өмірге келмей жатып, тағдырдың тәлкегіне түскен кішкентай Шұғыланың жайына қанық болған отбасы - Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары Елена және Ескендір Ахметовтер. Отау құрғандарына 4 жылдан астам уақыт өтсе де өз балалары болмаған жұбайлар дәтерханада туылған шақалақты асырап алуға бел буған.

"Нәрестені бейнероликтен көргелі жан дүнием күйзелісте жүр. Жұбайым екеуміз сол баланы асырап алып, бауырымызға басқымыз келеді. Еленаны «ана», мені «әке» деп атаса. Хадисте: «Жетімнің басынан сипаған адам, қолы тиген шаштарының санындай сауапқа қауышады» деуші еді. Сол қызды бесігімізге бөлеп, құшағымызға бассақ деген тілек бар. Бала асырау жөніндегі қажетті құжаттармен таныстым. Енді сол сәттің ертерек туып, құжат дайындау барысында билік өкілдері тарапынан көмек қолдау болса деген өтінішімді жеткізгім келеді", - дейді Ескендір Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, 7 қаңтар күні Тараз қаласының іргесінде орналасқан қоғамдық дәретханалардың бірінен жаңа туылған нәресте табылған. Оны сол маңнан кездейсоқ өткен көлік жүргізушілері байқап қалып, құтқарушыларды шақырған.

Артынша полицейлер баласын әжетханаға босанып, тастап кеткен көкек ананы да ұстаған болатын. Өкпесіне суық тиген қыз балаға дәрігерлер «Шұғыла» деген есім беріп, жағдайының жақсы екенін айтқан болатын.

Қазір сәбиін дәретханаға тастаған келіншекті ата-аналық құқығынан айырылу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1011775-zhambyldyq-otbasy-daretkhanadan-tabyl.html