RU

Барак Обама мұсылмандарға күйе жаққан саясаткерлерді сынға алды

Әлем жаһандық маңызды мәселелерін Қытай немесе Ресеймен емес, АҚШ-пен ақылдаса отырып шешуге мүдделі. Ендеше Американың әлсіреуі туралы әңгімелер бос әурешілік.

Бүгін конгреске арнаған дәстүрлі жолдауы барысында АҚШ президенті Барак Обама осылай мәлімдеді деп хабарлайды 24 арна.

Билік басындағы жеті жылын қорытындылаған Ақ үй қожайыны биылғы соңғы жылына ғана емес, америкалықтардың алдағы 10 жылына бағытталған жоспарын жариялады. АҚШ президенті Барак Обама ел xалқына арнап осымен 7-жолдауын жариялап отыр. Бұл – оның өкілеттік мерзіміндегі ең ақырғы жолдауы.

Ел конституциясында мемлекет басшысы екі реттен артық сайлауға түсе алмайды. Демек биыл биліктегі сегізінші жылына қадам басқан Обама тура 12 айдан соң Ақ үйді босатуы тиіс. Осы уақытта не істелді, болашақ ұрпақ нені күтеді? Президенттің соңғы үндеуі де негізінен осы жайттарды қамтуға тырысты.

«АҚШ билігіне кім келіп, келесі конгресті кім басқарса да біз болашақ Американың алдында тұрған 4 үлкен мәселені қаперде ұстауға тиіспіз», - деп бастады сөзін Барак Обама. Олар: жаңа экономикадағы тең мүмкіндіктер, тиімді технология, берік қауіпсіздік және жарқын саясат. Президент солардың ішінен ең әуелі соңғы 7 жылдағы экономикалық жетістіктермен марқаятынын қуана жеткізді. Әлемдегі алып экономика қарқынынан жаңылмай, қуатты түрде дамып келеді.

Десе де президент халықтың тұрмысы түзеліп, әлеуметтің әлеуеті арта қоймағанын мойындайды. Бұл ретте әлеуметтік және медициналық сақтандыруды әлі де күшейте түсу қажеттігін атады. Сондай-ақ ауқаттылардың салық мөлшерін арттырып, сәйкесінше табысы төмен жандардан алымды азайта түсу абзал екенін жеткізді. Тіпті жылы орнында талай жылдардан табжылмай келе жатқан конгресс мүшелерінің өзі әлеуметтік жеңілдіктердің түгел түріне ие екенін айтып, сынға алды.

Қараша халықтың да президент жайлы пікірі ала-құла. Соңғы жолдаудың соншалықты жаңалық ұсына қоймағанын алға тартты. Сыртқы саясат мәселесінде Обама конгресті алдымен Кубаға арналған сауда эмбаргосын толықтай алып тастауға және Транстынық мұхиты әріптестігін мақұлдауға шақырды. Гуантанамо түрмесін түбегейлі жабуға күш салатынын айтты.

Бұл жолы Солтүстік Кореяның ядролық қаруына қатысты бір ауыз сөз болған жоқ. Есесіне Ирак және Левант террорлық тобымен күрестің күшейе беретінін атап өтті. Алайда саясаткерлердің қаперіне мұсылман әлеміне күйе жағудан аулақ болу қажеттігін мықтап салып берді.

"Шетелде немесе елімізде болсын, саясаткерлеріміз мұсылмандарды айыптап, мешіттеріне арамдық жасап, балаларына тіл тигізуден біздің қауіпсіздігіміз оңалып кетпейді. Керісінше, әлемнің көз алдында абыройымыздан айырады. Бұл біздің мақсатымызға жат",- деді Барак Обама.

Жолдау тура бір жарым сағатқа созылды. Президенттің әрбір бастамасын қызу қол соғып, қошеметпен қарсы алғандар қатары мол болғанымен, әдеттегі республикалықтар ғана алақандарын аяп, тысқары қалып жатты. Ал ертең жылдағы дағдыға сәйкес, Барак Обама штаттарға сапарын бастайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1012809-barak-obama-musylmandargha-kuye-zhaqqa.html