RU

Ақтауда астан уланған қыз балаға дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай өлтіріп алған

Ақтауда астан уланып, қайтыс болған 15 жасар қыздың өліміне ақ халаттылардың салғырттығы себеп. Сарапшылар жедел жәрдем дәрігерлері науқастың жағдайын дер кезінде бағалай алмаған деген тоқтамға келді деп хабарлайды КТК арнасы.

Тұтас бір отбасы өткен жылы қазанда тұздалған қиярдан ұшынып, ауруханаға түскен. Бастапқыда дәрігерлер ботулизм дертіне шалдықты деген болатын. 15 жасар қыз бала кешкілік астан соң әлсірей бастаған екен. Анасы дереу жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер оның асқазаны ауырып жатыр деп кетіп қалыпты.

Жағдайы күрт нашарлаған соң, екінші қайтара жедел жәрдем шақырғанымен диспетчер ертеңіне емханаға баруға кеңес беріп, бригада жібермеген. Сондықтан сарапшылар жасөспірімді бірінші жіберілген жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізгенде тірі қалар еді деген тоқтамға келді. Тіпті екінші рет шақыруға диспетчер дәрігер жіберсе, қаздың аман қалуы мүмкін екен.

Сондықтан 2 дәрігер мен диспетчерге қызметіне салғырт қарауы салдарынан абайсызда адам өлтірді деген айып тағылды.

"317 бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оны сот шешеді", - дейді Ақтау қаласының прокуроры Талғат Әлібаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1012910-aqtauda-astan-ulanghan-qyz-balagha-dari.html