RU

Өмірін өзгерткісі келген қазақстандық Google компаниясына жұмысқа орналасты

Бүгінде Қазақстанда Google компаниясының кеңсесі жоқ. Дегенмен ірі корпорацияда біздің отандастар да баршылық екен. Солардың бірі - 28 жастағы Алматы тұрғыны Дияс Ақанов деп хабарлайды NUR.KZ порталы ZTB.kz-ке сілтеме жасап.

Алматылық жігіт корпорацияға жұмысқа тұру үшін өзі туралы баяндайтын видеорезюме түсірген. Онда ол әлемге танымал компанияда жұмыс істеуге құлшынысының жоғары екенін алға тартқан.

Дияс ағылшын тілді ортада өзін Dake деп атап кеткен.

"Студент кезімнен бастап түрлі жұмыстар істедім. Программалау саласында талай жұмыс ауыстырып, ақыры өмірімді өзгерту керек деген тоқтамға келдім. Сол үшін әлемнің ТОП компаниясына орналасуды мақсат еттім", - деп есіне алды Дияс.

Google-дағы вакансия туралы Дияс Sun Microsystems-те қызмет етіп жүрген досынан білген. Көп ойланбастан жігіт өзі туралы видеорезюме түсіріп, корпорацияға жібереді. Бірнеше күн ішінде жауап келіп, Google Диясты Сан-Францискоға сұхбаттасуға шақырады.

"Жұмысқа алғандары туралы gmail - почтама жазды, осылай бәрі оңай шешілді", - дейді ол.

Бүгінде Дияс әріптестерімен бірге компанияның жаңа жобасын жүзеге асыруда. Жоба жүзеге аспайынша, оны құпия сақтау керек дейді алматылық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1013236-qazaqstan-azamaty-google-kompaniyasyna-zhum.html