RU

Алматыда ұрылар балабақша маңындағы көліктерді тонаумен айналысқан

Алматы полициясы балабақша мен мектептердің маңын торуылдаған ұрыларды ұстады. Олар балаларын оқу орнына əкелген ата-аналардың көліктерін бұзып, ішінен құнды заттарды қолды еткен деп хабарлайды Қазақпарат.

«Соңғы уақыттарда шағым жасаған азаматтардың саны көбейді. Қылмыс сипатына қарап бір топтың жасап жүргені екенін аңғардық. Олар кешке жəне таңертең бақшалардың қасына тоқтаған əйел жүргізушілердің көлігін бұзып, салондағы бар құнды заттарын қолды еткен», - деді Əуезов аудандық ІІБ басшысының орынбасары Құмарбек Кеншінбаев.

Оның айтуынша, ең соңғы рет қарақшылыққа шыққанда күдіктілер бір əйелдің үйінің кілтін ұрлаған. Келіншектің қай жерде тұратынын бақылаған соң пəтерін де тонап кеткен.

«Кезекті рет жымысқы ойын жүзеге асырып жатқан кезде олар қолға түсті. Қазір олардың 7 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жапа шекендердің саны мұнан да көп болуы мүмкін», - деді Кеншінбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1013316-almatyda-urylar-balabaqsha-manhyndaghy.html