RU

Павлодар облысында ата-анасынан айырылған үш баланың әжесі көмек сұрады

Үш немересі бар Ленин кентінің тұрғыны Анна Грибнова балалардың мектепке баратын киім-кешегі мен кеңсе құралдары жеткіліксіз екенін айтып, көмек сұрауда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Зейнеткердің қызы 2014 жылдың соңында жол апатында қайтыс болған соң, 14 жастағы Александр мен 13 жастағы Анастасияны, сондай-ақ төрт жасар Максимді өзіне алып кеткен. Бұл отбасы ата-анасынан айырылғаны үшін мемлекет тарапынан төленетін азын-аулақ жәрдемақы мен зейнетақыға күнелтіп отыр.

Анна Грибнованың айтуынша, ол қандай қиын жағдай туындаса да балалардан бас тартуды ешқашан ойламаған. Дегенмен қария үшін жеткіншектерді күтіп- бағу оңайға тимей отыр.

"Балалардың сұрағанын алып беретіндей жағдайым жоқ. Қандай да бір көмек көрсетулеріңізді сұраймын", - дейді Грибнова.

Үлкен немерелерінің әкесі он жыл бойы алимент төлеуден жалтарып жүр. Осы жылдары шамамен екі миллион теңгедей жиналып қалған. Бұл іспен мемлекеттік және жекеменшік сот орындаушылары айналысқанмен нәтиже жоқ. Ленин кенті әкімінің орынбасары Мунира Дүйсенбекованың сөзіне сүйенсек, немерелерін тәрбиелеп отырған зейнеткерлерге қамқоршылар ретінде және асыраушысынан айырылғаны үшін мемлекет тарапынан балалардың әрқайсысы үшін 40 мың теңгеге жуық жәрдемақы төленеді.

Павлодар қаласы білім беру бөлімі қамқоршылық секторының меңгерушісі Орынбасар Темірболатова Грибновтар отбасының әлеуметтік әлсіз отбасылар санатына кіретінін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1013434-pavlodar-oblysynda-ata-anasynan-ayyr.html