RU

ОҚО тұрғындары осы күнге дейін отбасылық жанжалдарын билер алқасы арқылы шешеді

Елдің кейбір аймақтарында ата-бабалар ұстанған билер алқасы әлі де жұмысын тоқтатқан жоқ. Сөзі өтеді-ау деген елдің ақсақалдары тұтастай бір ауылды тәртіпке салып отыр. Солардың бірі - Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Ақтөбе ауылы деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Мұнда елге сыйлы қариялар кез-келген ұрыс-керіс не құқықбұзушылықты ақылға сала отырып, сотқа дейін шешіп отырады екен.

Ақтөбенің басты ауыл биі - 72 жастағы Құлман қария. Ақсақал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы әрі сотта тәуелсіз медиатор.

Құлман Нұрбетовтың айтуынша, ауыл билеріне көбіне кикілжіңге келген ерлі-зайыптылар ақыл сұрап келеді екен. Жақында ғана ауылдың Перден есімді тұрғыны осындай жайтқа тап болған. Ұрыс телефонның кесірінен басталыпты.

Яғни, отағасының телефон арқылы басқа қызбен сөйлескенін байқаған жұбайы ұрыс шығарып, қызғаныш байқатқан. Болмашы реніш үлкен дауға айналыпты. Содан әйел төркініме кетемін деп, анасын шақыртқан. Тіпті жасауын алып кету үшін жүк көлікпен келуін өтінген.

Үш баласы бар қызының бұл өтінішіне таң қалған анасы қызының үйіне дереу келген. Күйеуін қызғанған әйел сотқа жүгінуге білек сыбана кірісуге дайындалғанға ұқсайды. Бұл жайттан хабардар болған ауылдың қариялары ерлі-зайыптылар мен туыстарының басын қосып, өз ақылдарын айтыпты.

Сонымен не керек, ерлі-зайыптылар қателерін түсінген.

«Бүгінде шүкір, келін мен ініміз бірге тату-тәтті тұрып жатыр. Келін мектепте мұғалім, баланың жеке шаруашылығы бар», - дейді ауыл биі.

«Жақында тағы да бір оқиға орын алды. Ауылдың екі баласы бір-бірімен төбелесіп, жаға жыртысып қалған болатын. Екеуін шақырып, бір-бірінен кешірім сұратып, ешбір сотсыз мәселе оң шешімін тапты», - деді Құлман қария.

Тағы бір ауыл биі 69 жастағы Әмірбек Есентаев та мұндай жайттар ауылда жиі болмаса да, орын алып тұратынын жоққа шығармады. Тіпті қария ауыл билері жұмысын тоқтатпаған абзал деген пікірде. Өйткені үлкенін құрметтеп, ақылын тыңдаған кейінгі ұрпақ жаман болмауы керек.

«Біз орын алған жайтты сотқа дейін жібермеуге тырысамыз. Мұнымен заң жоқ дегім келіп отырған жоқ. Заңды білеміз. Бір қауым ел болатын болса, біз секілді ұйымшылдық танытып, ортадан ел қариясы ретінде ақсақалды ауыл биі етіп сайлаған жөн. Меніңше, әрбір ауыл билері болуы керек. Ақсақал - елдің туы, бірлігі ғой. Жастарға дұрыстап ұғындыра білетін болсақ, олар да адам ғой. Түсінеді», - деп өз пікірін білдірді Еңбек ардагері Есентаев.

Айтпақшы, ақтөбелік қарияларға ауыл әкімшілігі әкімдік ғимаратынан арнайы бөлме бөліп берген. Көбіне үлкендер сонда бас қосады. Ал кейде мәселе көтерілген үйге қариялар дереу жиналады.

Отырар ауданындағы Ақтөбе ауылында 1958 тұрғын бар. Ақтөбеліктердің бірлігін 25 ақсақал сақтап отыр. Айтуларынша, ауылда ұрлық мүлдем жоқ.

«Жастар спирттік ішімдікке ішу, темекі тарту секілді теріс әрекеттерден өздерін аулақ ұстайды. Теріс діни ағымға кіріп кеткендер жоқ», - дейді ауылдың үлкендері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1013621-shymkentte-auyl-turghyndarynynh-birlig.html