RU

Эмомали Рахмон Тәжікстанның өмірлік президенті болуы мүмкін

Тәжікстан парламенті төменгі палатасының бір топ депутаттары конституцияға іс басындағы республика президенті Эмомали Рахмонның мемлекет басшылығы лауазымында өмір бойы отыруына мүмкіндік беретін өзгеріс енгізудің жолдарын қарастырды.

Бұл туралы Sputnik хабарлады деп жазады ras.kz.

Агенттік мұның бұдан басқа бүге-шігесін айтып отырған жоқ. Өткен дүйсенбіде қанат жайған парламент төменгі палатасының отырысында депутаттарға Тәжікстан конституциясына енгізілгелі отырған өзгерістер жобаларын комитеттер мен комиссияларда талқылау және осыған байланысты бүкілхалықтық референдум өткізілетін мерзімді анықтау ұсынылды.

Негізгі заңға енгізілетін түзетулерге сәйкес, сондай-ақ мемлекет басшылығына кандидаттардың міндетті шектеулі жасы тағы бес жылға қысқартылады. Қазір конституция бойынша, республиканың мемлекеттік тілді білетін және елде тұрғанына кемінде 10 жыл толған жасы 35-тен асқан кез келген азаматы президенттікке кандидат бола алады.

Бұдан бөлек, негізгі заңға діни сипаттағы саяяси партияларды тіркеуге тыйым салатын бап ұсынылып отыр.

Ел конституциясы 1994 жылғы 6 қарашада бүкілхалықтық референдумда қабылданған болатын. Оған референдум жолымен кейін екі рет өзгеріс енгізілді.

1999 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, елде бір палата орнына екі палаалы парламент құрылды. 2003 жылғы түзетулер президенттің уәкілеттілігін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартып берді. Осы арқылы мемлекет басшысы Эмомали Рахмон 2020 жылға дейін президент болып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1013770-emomali-rakhmon-tazhikstannynh-omirlik.html