RU

Білім министрінен қазақша сөйлеуді талап еткен сенатор Тоқаевтан сөз естіп тынды

Министрден мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен сенатор спикерден сөз естіп тынды. Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасын орысша жасаған Білім министрін жақтап, әріптестерінің аузын аштырған жоқ. Төрағаға қарсы келмегенімен, депутаттардың мәжілісті тарату жайына келгенде үндері батыл шықты деп хабарлайды КТК арнасы.

Өз еріктерімен таратуды сұраған мәжіліске қарағанда сенаттың ұпайы түгел. «Сайлау» деген аты болмаса, олардың негізгі бөлігін президент, қалғанын халықтың атынан жергілікті мәслихат таңдайды. Жоғары палатаның басшылық құрамындағы ауыс-түйіс те, ың-шыңсыз өтеді.

14 қаңтарда Тоқаев аяқ асты орынбасарын өзгертіп, кезінде Қорғаныс вице-министрі болған Сергей Громовтың кандидатурасын әріптестеріне бекіттіріп алды.

Осыдан соң сенаторлар алаңсыз алдарына келген заң жобаларын қарауға кірісті. Білім министрі елімізде білім алып жатқан бөгде мемлекеттің азаматтарын кемсітуге қарсы құжат әзірлепті. 56 жыл бұрын Парижде қабылданған халықаралық конвенция Қазақстан үшін де ауадай қажет екен.

"Бұл заң Қазақстанда тұратын шетел азаматтарының балаларын да қорғайды. Яғни елімізде оқып жатқан кез-келген адамды нәсілі, түрі, жынысы, ұлты мен діни сеніміне қарай бөліп-жармай, кемсітпеуіміз тиіс. Бәрі бірдей білім алуға құқылы", - дейді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.

Бұл бастамаға ешкім қарсы шыққан жоқ. Тек депутаттарға Аслан Сәрінжіповтің мемлекеттік тілде сөйлемегені жақпай қалды.

"Сіздің  мемлекеттік тілде баяндама жасауыңыз сиреп барады, жоқ деп айтуға болады. Мұны ескеру керек", - дейді сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.

Ал ақталуға кіріскен Білім министріне спикердің өзі араша түсті.

Тоқаевтың қатқыл даусынан сескенді ме, бас мұғалімге ескерту жасаған сенатордың түрі бұзылып кетті. Тіпті кешірім сұрауға мәжбүр болды.

"Депутат Еңсегенов, заңға байланысты сұрақ қою керек. Сіздің сұрағыңыздың заңға ешқандай байланысы жоқ", - деді сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Мен төртінші сауалмен шатастырып алдым. Кешірім сұраймын", - деді сенатор.

Ал сенат мәжілістің ертерек тарқауын қолдап отыр. Есесіне, парламенттің жаңа құрамында жас буынның көп боларына үміттері басым. Бірақ, бұндай болжам екіталай сияқты. Оның үстіне төменгі палата депутаттарының  көбі жайлы орынтақтарына қайта оралғысы келетіндерін жасырмайды.

Ал сенатпен іргелес тұрған мәжіліс тараған жағдайда, жоғары палата әріптестерін жоқтатпауға сақадай саймыз деп отыр. Жұмыс істеуге құштарлығы артқан халық қалаулылары бүгін сол қарқынмен 4 бірдей заңды қабылдап жіберді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1014163-bilim-ministrinen-qazaqsha-soyleudi-t.html