RU

Жамбыл облысында жаңа туған сәбиін лақтырып жіберген қыз 10-шы сынып оқушысы болып шықты

Жамбыл облысында кезекті тастанды бала жұрттың тағы да жағасын ұстатты. Оныншы сынып оқушысы көлікте босанып, нәрестені тас жолдың жиегіне лақтырып жіберген.

Жерге оңбай түскен шақалақ шетінеп кетіпті деп хабарлады КТК арнасы.

Адам шошырлық оқиға Талас ауданының Үшарал ауылы маңында болды. Жасы елуден асқан әйел көршісінің көлігін жалдап жүкті қызын ауруханаға апара жатыпты. Ауылдан шыға бере мектеп оқушысының толғағы қысып, машинаның ішінде-ақ босанып қалған. Ал анасы көлікті тоқтатпаған күйі шақалақты терезеден лақтырып жіберсе керек. Тас жолға басымен түскен нәресте сол жерде шетінеген. Қансырап қалған 16 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Осы жайтты дәрігерлерден естіген тәртіп сақшылары көп ұзамай жолдың бойынан сәбидің өлі денесін тауып алады. Қазір кәмелет жасына толмаған ана ем алуда. Ал оның шешесі қамауда отыр.

"Қызының жүкті боп қалғанын шешесі білмедім деп отыр. Оның не үшін осындай қадамға барғаны қазір анықталуда. Тергеу құпиялығына байланысты өзге мәліметтерді айта алмаймыз. Анығы, егер оның кінәсі расталса, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - дейді  Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекші маманы Гүлчехра Зияутдинова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1014293-zhambyl-oblysynda-zhanha-tughan-sabiin-la.html