RU

Алматыда белсенділер дені сау жеткіншектерді жындыханаға жабатын басшылардың былығын айтты

Алматыда белсенділер дені сау жеткіншектерді жындыханаға жабатын басшылардың былығын айтты.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Қоғам белсенділері осылай деп мәлімдеді. Айтуларынша, әзірге ақыл-есі ауытқыған деп мәжбүрлі түрде ем қабылдаған 6 бала белгілі екен. Психоневрологиялық орталықтарда адам санының көп болуы мұндай мекеме басшылары үшін қаржы көзі боп саналады дейді белсенділер. Дегенмен емдеу мекемесінің өзі мұның бірін де мойындаған жоқ.

Ақыл-есі дұрыс болса да, ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқандар Алматыда аз емес көрінеді.Мұндай шулы мәлімдемені «Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қор» қызметкері жасады. Жуырда ғана осындай 6 жеткіншек оларға арыз айтып, хат жазған екен. Қор қызметкерлері, бірінші кезекте адам саны санының көп болуы аурухана басшылығына тиімде дегенді айтып отыр. Себебі, науқастарға ай сайын төленетін жәрдемақы басшылар қалтасына кетеді дейді.

"Ақыл есі кемдеп танылған   жағдайда ай сайын оларғажәрдемақы  беріліп тұрады. Ол ақшаны  да сол интернаттар пайдалана алады", - деді

Қазақстан азаматтарының құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық қор қызметкері Әлия Әбдинова.

Қалта қамын күйттеген басшылар, қызметкерлерін сау баланы ақыл-есі кем деп айтуға мәжбүрлейді екен. Мәселен, Любовь Хасанова Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған интернат үйінде 24 жыл бойы қызмет еткен. Айтуынша, өз тәжірибесінде сау баланы ауру қылған жағдай сан рет кездесіпті.

"Дәрігерлер тексеріс жасап келгенде ешқандай ауытқуы жоқ балалар туралы мәжбүрлі түрде өтірік жауап беретінбіз. Яғни айқайлайды, өзгелерді ұрып-соғады деп болмаған дүниені айтуға тура келетін. Мұндай жағдай интернатта жиі болды", - дейді  Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған интернаттың бұрынғы қызметкері Любовь Хасанова.

Алайда аталған мекеменің қызметкерлері мұның бәрін жоққа шығарды. Айтуларынша, мұндағы тұрғындардың бәрі нақты диагноз қойылғаннан кейін келеді. Ал оларға сараптама 2 жыл сайын жасалады екен.

"Ондай мүмкін емес. Өйткені, әр дәрігер  өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды деп ойлаймын", -дейді Алматы қалалық психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған интернаттың қызметкері Үміт Кенжебекова.

Енді, қор қызметкерлері шағымданған жеткіншектерге тәуелсіз сараптама жасатпақ ниетте. Егер олардың ауруханаға заңсыз жатқызылғаны дәлелденсе, арты үлкен шуға ұласқалы тұр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1014365-almatyda-belsendiler-deni-sau-zhetkin.html