RU

Атырауда 32 жастағы келіншек үшем босанып, бірден сегіз баланың анасы атанды

Жаңа жыл қарсаңында Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұратын 32 жастағы Самал Шамханова үшем босанып, 8 баланың анасы атанды.

Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Бұған дейін ері Дидарбекпен бірге 4 қыз және 1 ұл тәрбиелеп отырған Самал Шамханова құрсағына үшем біткенде төбесі көкке жетердей қуаныпты. Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады дейтін қазақы тәмсілді жетік білетін 32 жастағы көпбалалы ана Самал да мұны Алланың ерекше сыйы деп қабылдайды. Әрине, дәрігерлер де Самалды ерекше бақылауға алыпты.

Жаңа жыл қарсаңында, яғни, өткен жылдың 26 желтоқсанында Самал Шамханова үш ұлды бір мезетте жарық дүниеге әкелді. Оған әрине, облыстық перзентхананың дәрігерлері ота жасау арқылы көмегін берді.

Сөйтіп, ата-анасы өздерін көл-көсір қуанышқа кенелткен үш ұлға Әлемхан, Ерхан, Тілеухан есімдерін беріпті. Үшемнің салмақ қосып, жағдайы жақсаруына бас-көз болып жүрген дәрігер-неонотолог Айгүл Сүндетованың айтуынша, 18 тәулік бойы үшем айрықша күтімге алыныпты.

Бұрнағы күні өмірге іңгәләп келген үшемнен соң 8 баланың анасы атанған 32 жастағы Самал Шамханова облыстық перзентхана дәрігерлеріне алғысын айтып, өзінің отбасы тұратын Құрманғазы ауданына аттанып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1014850-atyrauda-32-zhastaghy-kelinshek-ushem-bosan.html