RU

Алматыда трансформатордың маңына салынған балалар алаңы тұрғындардың ашуын келтірді (фото)

Әлеуметтік желілерде Алматы қаласы Наурызбай ауданына қарасты қауіпті аумақта орнатылған балалар алаңының фотосы пайда болды деп хабарлайды NUR.KZ.

Белгілі продюсер Серік Абас-Шах instagram әлеуметтік желідегі жеке парақшасына Шаляпин мен Яссауи көшесінің қилысында орналасқан трансформаторлар жиынтығының жанындағы балалар ойнау алаңының фотосын салып, «Алматыдағы "Детская площадка". Мынаны жоспарлаған адамда ми жоқ, жасаған адамда жүрек жоқ» деп жазды.

Суретті көрген көпшілік аталған ойың алаңының тұрғанына 2-3 айдың жүзі болғанын жазды. Сондай-ақ пікір қалдырушылардың көпшілігі қауіпті аумаққа балалар алаңын салғандарды қатты сынап жатыр.

«Меніңше олардың баласы мен немересі жоқ сияқты. Өз баласы болмаған соң, өзгенің баласының тағдыры қызықтырмайтын заман болып тұр» десе, екінші тұрғын «Мұны мен жақсы ниетпен балапандарды өлімге жіберу деп білем. Өз ұрпағын ойламаған адам – надан адам» дейді

NUR.KZ порталының тілшілері Наурызбай ауданының әкімдігіне хабарласып мән-жайды білген еді.

Абаттандыру бөлімі қызметкерлерінің сөзінше, ерекше жоспар даттық сәулетші Ян Гейлдің идеясымен жүзеге асырылыпты. Тапсырыс әкімдіктен болғанымен орындаушы BSHZ-Dostyk Compani ЖШС.

«Аталған мекеме тендерді ұтып алып, аудан бойынша балалар алаңын орнатып шықты. Трансформатордың маңына салынған балалар алаңын бірер күн бұрын бұзып, басқа аумаққа көшірткіздік», - деп қысқа қайырды басшылық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1014926-almatyda-transformatordynh-manhyna-sa.html