RU

ОҚО-да шендінің туысына тиесілі ойынхана тұрғындардың тынышын қашырған (фото, видео)

Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы тұрғындарының айтуларынша, құмар ойындарының кесірінен жүздеген отбасының шаңырағы шайқалып, миллиондаған шығынға батуда. Ұтылғандардың арасында өз мал-мүлкін ұрлап сатып, тіпті өз-өзіне қол салғандар да болыпты деп хабарлайды STAN.KZ.

Қарабұлақ ауылдық округінің сексенге жуық жұрты жан айқайларын айтып, ауыл орталығына жиналды. Олар жылдар бойы жергілікті халықты сан соқтырып келген заңсыз құмар ойын ошағын жабуды талап етеді. Көпшіліктің айтуынша, талай отбасын тақырға отырғызып, миллиондаған шығынға батырып, үйінен бездірген жайтқа жергілікті билік бей жай қарап отыр.

«Бір танысымыз қарызынан құтыламын деп ұрлыққа барды. Көршіміз 3 жылдай болды үй бетін көрмей қашып жүр. Қарызы 10 миллион теңге екен. Балаларды кешке үйден шығармаймыз. Ол жерге барып иесінен ойынхананы жабуын сұрадық. Қожайыны «Бұл менің наным, айына елу мың табыс көрем, соны төлеп тұрсаңдар жабамын», – деді. Бұл сұмдықты тоқтататын күш бар ма? Болмаса жиналып президенттен көмек сұраймыз. Басқа амал жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Рахима Әлимұхамедова.

Жиналғандар жергілікті әкімшілікке талай рет көмек сұрап бардық деп отыр. Нәтиже болмаған. Ең сорақысы сол, заңсыз ойынхананың ғимараты шенеуніктің иелігінде екенін білген. Ауыл тұрғындары жергілікті биліктің өзі заңды белшеден басып отыр дейді.

«Әкім орынбасары Кеңес кезінде тәтті тағамдар цехы болған ғимаратты жекешелендіріп алған. Қазір ойынханаға жалға беріпті. Көмек сұрап талай бардық әкімдікке. Олар түк бітіріп жатқан жоқ. Бір ағайынымыз миллиондап қарыз болып қалып, инсульт алды. Ол жерде ойын автоматтары бар, заңсыз лото ойынын ойнатады. Жастар әбден әуес болып алды. Жаз бойы еңбекпен тапқандарын сол жерде ұтылады», – дейді ауыл тұрғыны Артық Халжалелов.

Митингіге шығып мұңдарымен бөліскендер құмар ойындар, әсіресе, жастарды жалмап жатыр деп шырылдауда. Түн жамылып есігін айқара ашатын ойынхана таңға дейін жабулы есік артында қызмет көрсетеді екен. Айтуларынша, ойынхана 7 жылдан бері ауыл жұртының мазасын қашырған.

«Менің көп достарым сол жерге барады. Көп ақша ұтылып түнде телефон шалып, ақша тауып бермесем мына жерден шығармайды, деп қарыз сұрап жалынып жылайды. Ойынханаға бір кіргенде жүз мың теңгелеп ұтылады. Амалы жоқтан үйлерінен жылқыларын ұрлап сатып құтылып жатады», – дейді 20 жастағы ауыл тұрғыны Бахтияр Нұрмаметов.

Бұл ауыл ойынханасының күндізгі кейпі. Есігі жабылған, қараусыз қалған ғимарат секілді.

Қарабұлақ ауылының әкімі болған жайттан мүлдем бейхабар екенін айтып өзіне қарасты аймақтың жағдайын журналистерден сұрады.

«Бізде ме? Ойынхана? Өзіңіз көрдіңіз бе? Халық неге маған келмейді? Ол мүмкін емес. Бізде букмекерлік кеңселер бар. Олар заңды. Ал басқасын білмеймін. Шешілмейтін мәселе жоқ. Шешу үшін отырмыз ғой. Шағым жазсын, прокуратураға біз шағымданамыз. Бұл әкім ретінде менің кемшілігім. Бәрін реттейміз», – деді Қарабұлақ ауылының әкімі Абдіғапұр Абдукадиров.

Алайда, әңгіме барысында әкім мырза ойынхана ғимаратының өзінің орынбасарына, дәлірек айтсақ, туған інісіне тиесілі екенін білетін болып шықты. Тек оны қалалықтарға жалға берген деп ақталды. Елу мыңдай халқы бар Қарабұлақ ауылында жылдар бойы құмар ойындармен күресіп келеді екен. Әкімнің сөзіне сенсек, тек өткен жылдың өзінде бірнеше заңсыз ойын автоматтары тәркіленген.

Тұрғындардың айтуынша, ойынхананың ішінде бірнеше ойын автоматтары бар. Бұдан бөлек экранда көрсетілетін жануарларға ақша қойып, қапшықтан қағаз алып, жасырын сандарды өшіру сынды ойын түрлері көп екен.

Бұл видеоны ауыл тұрғындары түнгі уақытта ұялы телефондарына түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1015016-oqo-da-auyl-akimi-orynbasarynynh-tuysy.html