RU

Бүгін қазақтың ірі саясаткері тірі болғанда 72 жасқа толар еді

Бүгін - Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовтың туған күні. Көзі тірі болғанда аптал азамат 72 жасқа толар еді. Қазақ халқына Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділовті таныстыру артық. Себебі, оның есімі Қазақстанның тарихында сөзі өткір саясаткер ретінде ел есінде.

Ел тағдыры үшін лауазымды қызметінен бас тартып, оппозицияда белсенді бола білген тұлға ғұмырының соңғы сәтіне дейін жемқорлық пен сатқындықты әшкерелеумен өткен. 2005 жылдың 12 қарашасында өмірден өткен ел азматының қазасы тергеу мәліметі бойынша «өзіне өзі қол салған» делінгенімен, дүйім жұрт танымал саясаткердің бұл өмірден оп-оңай кете салғанына сенбейді.

Халық арасында Заманбек Қалабайұлы –ешкімге жалтақтамайтын, дербес саясаткер бола білгені аңыз болып тараған.

NUR.KZ порталы бүгінгі Заманбек Нұрқаділовтың ерекше қырлары жайлы сөз етеді. Бұл мақалада еш қоспасыз, саясаткерді көзімен көрген азаматтардың куә болған жәйттері жазылуды жөн көрдік.

"Ұрпақ" зейнеткерлер қозғалысының көшбасшысы Ирина Савостинаның сөзінше: «Нұрқаділов Алматының әкімі қызметін атқарғанда жиі көрдім. Ол қызметте өте ашық болатын. Оның қабылдауына кіру еш қиын болмайтын. Әр келген сайын кабинетінің алдында 20-30 –ға жуық қарапайым тұрғынның кезек күтіп тұрғанын көруге болады. Ол ешкімді қайтармай бәрінің мұңын тыңдап, шешім шығаратын" дейді.

Заманбек Нұрқаділовтің ерекше жобаларының бірі Алматы Халықаралық әуежайын Қапшағай қаласына көшіру. Ол кезде саясаткер Алматы облысының әкімі қызметін атқарып тұрған. Облыс басшысының идеясы көпшіліктің көңілінен шығып, 1999 жылы Қапшағай әуе қақпасын салу үшін жоспарда құрылды. Құрылысқа 400 млн доллар қаражат қажет болып, 2000 жылы инвесторлармен меморандумға қол қойды, бірақ әуежай сол күйі салынбады. Бірақ әлі күнге дейін жоспарда бар.

Заманбек Нұрқаділовті жұрт белсенді саясаткерлігімен қатар, ойын ашық және тура айтатын мемлекеттік шенеунік ретінде тани білді. Оппозицияға бет бұрған бұрыңғы лауазымды қызметкерлердің сөзінше кез келген танымал шенеунік заманбектың алдында ығып қалатын. Тіпті оны халық арасында «Қазақстандағы №2 адам» деп санағандарын да жасырмайды.

Өмірінің соңғы минутына дейін жақын араласқан досы, ақын Жұмаш Кенебай былай дейді: «Мінезі тік, анау-мынау жаман-жәутіктерді маңына жақын жуытпайтын әрі оларды менсіне де бермейтін, айтқанынан қайтпайтын, өте бірбеткей адам еді. Сонымен бірге бұл адам ешқашан да өтірік айтпайтын және ішіне ештеңе де бүгіп қалмайтын. Айтарын бүкпесіз ашық айтып салып, қарап отыратын. Жіберген ағаттығына өкінбейтін. Және де ешкімді де сыртынан сөз қылмайтын. Айтарын кім болсаң да, өтің жарылып кетсе де, бетіңе айтатын. Өзі ешқашан да кек сақтамайтын. Сонымен бірге марқұм Заманбек аға өте аңқау жан болды. Біздің Зәкең ақшаның және байлықтың бетіне қарамайтын атымтай жомарт жан болды. Бір жақын адамы үйінен бір миллион АҚШ долларын ұрлап кеткенде де, пенде болып, қыңқ демеген. Сол ұрланған ақшаны биліктегілер бес есе мөлшерде қайтарып беретін болғанда да, оны маған жәй бір әңгіме ретінде айтып, соншалықты қуана да қоймаған. Және ақшадан қысылып келген талай жанға ақшаны қолма-қол қалтасынан суырып бергенінің де куәсі болғаным бар. Алматы қаласының әкімі болып отырғанда талай қазаққа жақсылық жасағанын өз көзіммен көргенмін. Зәкеңнің шапағаты тимеген Алматы қаласында қазақ зиялысы жоқ шығар? Бұл асыл азамат бойында барын қазағына арнады. Мұндай Заманбек Қалабайұлының бойындағы текті мінез – кез келген қазақ шенеунігінің бойынан табыла бермейтіні, тағы да жалған емес. Оның бір басты себебі – Зәкеңнің ауылда туып, сонда өсіп, туған ұлтының уызына жарығандығынан шығар деймін. Ал, орысша оқып, орысша білім алған бүгінгі биліктегі шала қазақтардан Заманбек аға мың есе артық әрі олардан тым биік тұратын. Ол кісінің екі сөзінің бірі: «қазағым», «ұлтым», «ұлы далам» болып келетін».

Суреттердің басым бөлігі Voxpopuli.kz сайтынан алынған. Аталған сайттың рұқсатынсыз бұл суреттерді пайдалануға тыйым салынған.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1015154-bugin-qazaqtynh-iri-sayasatkeri-tiri-bo.html