RU

Дәретханаға тастап кеткен қызды асырап алуға ниетті жұп сәбимен кездесті

Дәретханада туылған қыздың жағдайын естіген Ахметовтер отбасы нәрестені бірден асырап алуға бел буған еді. Бірнеше күннен бері құжат жинаған ерлі-зайыптылар ақыры Жансаямен кездесті. Екі күннен бері балалар үйінің есігін торуылдаған жұп, оны қазірден жақсы көріп үйлеріне алып кетуге асық. STAN.KZ сайтының тілшісі Жансаяның болашақ ата-анасымен кездесуінің куәсі болды.

Ахметовтер отбасының шаңырақ көтергеніне 4 жылдан асқан. Осыған дейін отбасында бала болмапты. Жансаяның тағдырын естіген отбасы бірден оны қолдарына алып, бағып-қағуды ойлаған.

“Осы мәселе көтерілгеннен бастап жүрегім ауырды. Баланың ешқандай жағдайға кінәсі жоқ. Ол періште. Кеше осы “Үміт” балалар үйіне алып келетін шығар деп кешке дейін тостық. Бүгін таңнан бастап қызымызды күтіп отырдық. Қолыма алып, бауырыма бастым. Жүрегім елжіреп, көңілім босап кетті”,-дейді Елена.

Жансаяны асырап алуға ниетті отбасы қажетті құжаттардың барлығын жинап қойған. Бүгін өткізбекші болғанымен Жансаяны күтіп алуға, бір көруге асыққан.

Бұған дейін бұл отбасының баланы іздеп, құжат дайындауға кіріскендері жайлы хабарлаған болатынбыз. Періштеге жақында заңды түрде Жансая деген есім берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1015825-daretkhanagha-tastap-ketken-qyzdy-asyr.html