RU

Жаңа жылдан бері олигархтардың ақшасы желге ұшып жатыр

Әлемдегі ең бай адамдар жыл басынан бері 305 млрд АҚШ долларын жоғалтты. Бұл туралы interfax.ru агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.

Жаңа жылдың алғашқы екі аптасында әлемнің ең қалталы 400 адамы жалпы айтқанда 305 млрд долларынан айырылды. Сол себепті, әлемдік нарық үшін 2016 жылдың басы ең күрделі кезең ретінде есте қалды. Bloomberg компаниясының мәлімдеуінше, жағымсыз динамика Азия, Еуропа және Америка нарықтарында жиі байқалуда. Сондай-ақ, Иранға жасалған санкцияны алып тастау мәселесі қозғалғалы мұнайдың да бағасы күрт төмендеп кетті.

Bloomberg Billionaires Index-тің деректеріне сүйенсек, осы аптаның өзінде ғана әлем байлары 115 млрд долларын жоғалтты. Соның ішінде 76 миллиардердің әрқайсысы бір млрд  және одан да көп ақшасынан айырылды. Сондай-ақ, тек жұма, яғни, бір күннің өзінде жеті адамның әрқайсысының байлығы бір млрд  долларға және одан да көп қаржыға азайды.

2016 жыл басталғалы дағдарыстан ең көп зардап шеккен миллиардер – Amazon компаниясының негізін қалаушы, әлемнің ең бай адамдарының қатарында 4-орында тұрған Джефф Безос. Ол 1 қаңтардан бері 8,9 млрд долларын жоғалтты. Осы аптаның аяғында оның компаниясының акциясы 3,85 пайызға арзандап, 1,9 млрд доллары желге ұшты.

Ал әлем байларының ішінде көш бастап тұрған Билл Гейтс жаңа жылдан бері 6,8 млрд долларынан айырылды. Қытайдың ең бай адамы Ван Цзяньлинь де мешін жылы басталғалы 6,4 млрд долларын жоғалтты.

Ең бай адамдардың тізімінде тұрған 400 миллиардердің 9-ы ғана жаңа жылды табысты бастады. Олардың ішінде Reliance Industries Ltd. компаниясының басшысы, Үндістан кәсіпкері Мукеш Амбанидің есебі түгел. Атап айтқанда, ол 1 қаңтардан бері байлығын 620 млн  долларға көбейтті.

Қазіргі таңда тізімде тұрған ең бай адамдардың байлығы 3,6 трлн долларды құрайды. 2015 жылдың мамыр айында бұл көрсеткіш 4,3 трлн  доллар болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1015993-alem-baylary-zhanha-zhyl-bastalghaly-beri-30.html