RU

ОҚО-да балабақша меңгерушісі жағдайы төмен отбасыдан шыққан 18 баланы тегін тәрбиелеп отыр (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы  Ақтөбе ауылындағы «Қатира Ана» мемлекеттік коммуналдық балабақшасының меңгерушісі Гүлшаһар Төленді 18 бүлдіршінді өз қамқорлығына алып, олардың тегін тәрбиеленуіне жағдай жасап отыр деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Барлығы да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар.

Еңбек жолының 30 жылдан астам уақытын білім саласына арнаған 58 жастағы жастағы Гүлшаһар ананың қайырымдылық ісі мұнымен шектелмейді. Ол айына екі рет өз қалтасынан азық-түлік, жеміс-жидек пен йогурт және де түрлі тәттілер сатып алып, бүлдіршіндерге үлестіріп отырады.

Меңгеруші бұл әрекетін мақтанып айтарлық іс деп есептемейді.

«Ауылдың жағдайы керемет дей алмаймын. Кейбір үйлерде балабақша жасындағы 3-4 баладан бар. Оның барлығын балабақша беру ата-ана үшін әжептеуір салмақ түсіреді. Сол себептен балалардың тегін тәрбие алуына мүмкіндік жасаған жағдайым бар. Қолымнан келгенше ауылыма жәрдемдесіп тұрғым келеді. Әйтеуір балалардың қарны тоқ болса деймін. 18 баланың тегін тәрбиеленіп жатқанына да біраз уақыт болды. Алдағы уақытта оладың қатарын арттырсам деп отырмын»,-дейді Гүлшаһар Төленді.

Ауыл ішіндегі балабақшада бүгінде 75 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балаларын «Күншуақ» пен «Балапан» төменгі топтарына өткізген ата-аналар әр балаға ай сайын 3,5 мың теңге төлейді.

Ал төрт жастан бастап қабылдайтын «Балдәурен» тобында ай сайынғы балабақша ақысы әр балаға 4 мың теңге көлемінде.

Ерекше айта кетерлігі, балабақша аспазшысы балаларға күн сайын қолдың нанын пісіріп береді. Мұнда бір күнде төрт таба нан желінеді.

 

Материал Қазақстан Республикасының Заңнамасымен қорғалған. Мақаланы көшіріп басу үшін редакцияның рұқсатын алу керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016027-oqo-da-balabaqsha-menhgerushisi-18-balany-t.html