RU

Архимед Мұхамбетов кішкентай балаға 60 мың теңгеге асыл тұқымды мысық сыйламақ

Қостанайлық облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтен асыл тұқымды мысықты баласына алып беруін өтінген деп жазады Абай порталы.

Белгілі болғандай жақында облыс әкімінің блогына Таран ауданының тұрғыны Оксана деген келіншектен дұғай сәлем арқалаған өтініш хат келіп түседі. Онда бұл кісі баласының «шотланд қалқанқұлағы» атты асыл тұқымды мысықты аңсап жүргендігін, ал оны алып беруге мүмкіндігінің жоқтығын, өйткені үйінде тек күйеуі ғана жұмыс істейтіндігін, міне осыған байланысты әлгі мысықты алып беруді әкімнен өтінетіндігін жазыпты. Әкім бұл тілекке іле-шала жауап қайтарып, мысық алу деген шаруаға бюджеттен ақша қаралмайтындығын, алайда бала үшін оған өз қалтасынан ақша шығарып сатып алатындығын айтып, қуантыпты.

"Алайда, бізді осы мәселедегі бір жайт алаңдата береді. Бұл жерде әңгіме "Муська" (мысық)  туралы емес. Ол өте асыл тұқымды, элита тобына жататын аса қымбат мысық. Қазіргі бағасы аттай 60 мың теңге. Сонда дейміз-ау, баланың айтқанын істей беріп, шолжаңдатудың да реті бар емес пе? Ақшадан таршылық көріп жүрсең, қымбат дүниені аңсамай-ақ көрпеңе қарап көсілген жөн емес пе? Қазіргі таңда үйде жалғыз ғана күйеуі жұмыс істеп жүрген жанұя аз ба? Сосын, тіпті, осы мысықты әкім сатып алып берген жағдайда да оны күтіп ұстау оңай  шаруа емес. Бұл мысық анау-мынау тамақты жемейді, оған ерекше күтім керек. Ал бұл дегенің де аз ақша емес. Оны да әкім бере ме?", - деп сауал тастайды мақала авторы.

Басылым осы мысыққа кеткен қаражатты қаншама ауру балалардың еміне жұмсауға болар еді деген ой тастайды.

"Облысымызда ауру баласына операция жасауға ақша таба алмай қиналып жүрген жандардың жетерлік екендігі де өтірік емес. Аттай 60 мың теңге түгілі айналдырған 4-5 мың теңгенің ойыншығын сыйласа төбесі көкке жететін тақыр кедейдің балалар да жетіп артылады. Тіпті, бар қызықтан құр қалған жетімдер де табылады. Міне, осылардың жайын бір кез ойлап қойған артық емес шығар. Бұларға асыл тұқымды мысық емес, жарымжан көңілінің жыртығын жамайтын жылы сөздің өзі де жетеді", - деп түйіндеді автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016267-arkhimed-mukhambetov-kishkentay-balagha-60.html