RU

Танымал тележүргізуші "көзбояушылықпен" айналысатын отандық шоу-бизнестен жалыққанын мәлімдеді

Халыққа "40 миллион теңге" шоу-бағдарламасы арқылы танымал тележүргізуші Әбдел Мұхтаров қазақстандық шоу-бизнестің деңгейіне қарны ашатынын жеткізді, деп жазады NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап.

Теледидардан көрсетілген жаңажылдық бағдарламалардан соң Әбдел әлеуметтік желіде бір топ әншінің басын қосып жасалатын жиын концерттерден шаршағанын жазды.

Көрерменді алдап, фонограммамен ән салатын мұндай жобалардың не қажеті бар, айтыңдаршы? Бұл неге кәсіби музыкалық телевизияның қалыпты көрінісіне айналған? Батыстың мықты әртістерінен неге үлгі алмаймыз? Олар тек жанды дауыста өнер көрсетеді, әр минут сайын би қимылын жаттықтырады. Ал біздің әртістер қай жерге барса да, өткен заманның белгісіндей көрінетін мини-дискісін көтеріп жүреді. Бұл көзбояушылық қой. Халықты алдауды доғару керек", - деп жазған жеке парақшасында тележүргізуші.

Әбдел тұжырымында Мәдениет министрлігінің заңды түрде фонограммаға тыйым салуы керектігін ескертті. MEZZO тобының продюсері саналатын тележүргізуші әншілерінің сахнада тек жанды дауыста ән шырқайтынын еске салды.

Әңгіме барысында Әбдел "40 миллион теңге" бағдарламасының жабылып қалғанын, бұл телеарна басшылығының шешімі болғанын айта кетті.

"Телеарна басшылығы сапалы бағдарламаны жауып, орнына үш-төрт бағдарлама ашты. Бұл да жоғарыда айтқан мәселеден туындап отыр", - деді тележүргізуші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016628-tanymal-telezhurgizushi-kozboyaushylyq.html