RU

Түркістанда 17 жастағы қыз соқыр ішекке жасалған отадан соң оянбаған

Түркістан қаласында 17 жастағы бойжеткен соқыр ішекке жасалған отадан соң о дүниеге аттанды. Марқұмның туыстары жас қыздың өліміне «өз ісіне салғырттық танытты» деген дәрігерлерді жазалай алмай жүр деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Редакциямызға хабарласып көмек сұраған азаматтардың сөзінше, Еңлікжан Сағындық Ержанқызы 3 желтоқсан 2015 жылы соқыр ішек диагнозымен Түркістандағы «Талғат» ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер алғашында ота сәтті өтті деп туыстарына  хабарлап, артынша 3 сағатқа жоғалып кетті дейді олар.

«Ота таңғы сағат 5-те аяқталды. Хирург Ерғали Абдуллаев пен анестезиолог Қамалбек деген шығып: «бәрі жақсы» деді. Артынша дәрігерлер бізден қашып 3-4 сағатқа жоғалып кетті. Тек 9-дарға таман ота кезінде Еңлікжанның организмі дәрілерді көтере алмай, жүрегі тоқтап қалды. Оған бойжеткеннің өзін кінәләді», - дейді марқұмның жеңгесі.

Алғашында дәрігерлер кінәларын мойындап, Еңлікжанның анасынан кешірім сұрап, 3 миллион теңге өтемақы уәде еткен. Алайда, құжат жүзінде кешірімге қол жеткізген соң, уәде еткен қаржыны бермей тайып тұрыпты.

«Ақшаны ертең, бүрсігүні әкеліп береміз деп ақыр соңында ақша жоқ деп кесіп айтты. Бізді неге жынды қылады. Адамның өмірі ақшамен есептелмейді. Біз олардан сұраған жоқпыз. Өздері ұсынды өтемақыны. Дәрігерлер өздері айтты «кінә бізден Еңлікжанға тексермей дәрі құйдық» деп. Сол ақхалаттыларды жазалауды сұрап барлық жерге хат жаздық жауап жоқ», - дейді марқұмның туыстары.

Ал «Талғат» ауруханасының бас дәрігері Қали Шойбеков емдеу орталығы тарапынан Еңлікжан Ержанқызының туыстарына ешқандай өтемақы берілмейтінін кесіп айтты.

«Бұл аурухана болған соң адам өлімі болып тұрады. Біз ешкімге ақша төлейміз деп уәде берген жоқпыз. Дәрігерлердің еш кінәсі жоқ. Олар ота кезінде қажетті дәрілерді салды, ал қыз баланың организмі әлсіз болған соң көтере алмады. Туыстары осыны түсініп бізге өз еріктерімен кешірім берді. Алайда, адам өлімі болып жатқан соң екі дәрігерді де жұмыстан босаттық. 3 миллион теңге төлеуді солар уәде еткен шығар. Мен білмеймін», - деді Қали Нұрмақанұлы.

Құзырлы органның табалдырығын тоздырған отбасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға да хат жазған. Министр аталған істі өз бақылауына алған айтып, істі жергілікті прокуратураға қайта жіберген. Ал марқұмның туыстары болса құзырлы органнан қос дәрігерді өмір бойы емдеу құқығынан айыруды сұрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016633-turkistanda-aurukhanada-qaza-bolghan-b.html