RU

Алматыда аяғы ауыр алаяқ әйел жүкті келіншектерді тақырға отырғызып кеткен

Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ полиция қызметкерлері бірнеше рет алаяқтық әрекеттер жасаған деген күдікпен 36 жастағы әйел азаматшаны ұстады.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақпарат хабарлады.

36 жастағы Әлия Садықова танысқан адамдарына өзін қаладағы перзентханалардың бірінде акушер-гинеколог болып істейтіндігін және жұмысқа орналастыруда көп мүмкіндіктері бар екендігін айтқан.

«Жәбірленушілердің біріне күдікті әйел оның күйеуін медициналық мекемелердің біріне жұмысқа орналастыруға уәде беріп, бұл үшін одан 200 мың теңге сұраған. Басқа бір жағдайда Садықова «босанар кезде көмектесемін», - деп, жүкті әйелдерді алдаған. Қазіргі таңда біздің тергеу бөлімінің өндірісінде күдіктіге қатысты үш қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жедел шара қолдану барысында Әлия Садықованың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккен тағы екі адамның аты-жөні анықталды. Бір қызығы, ол фото және бейне камераға түсуден қашады. Тіпті түскісі келмейді. Мүмкін басқа да жәбірленген азаматтар танып қалмасын деп ойлайтын шығар», - деді осыған орай Алматы қаласы Әуезов аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Мұрат Қаспақбаев.

Сонымен қатар Әуезов аудандық ІІБ Әлия Садықовадан зардап шеккен және оны таныған азаматтар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды:

298-53-70; 298-53-72 және 298-53-75

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016660-almatyda-alayaq-ayaghy-auyr-ayelderdi-ta.html