RU

Ресейлік отбасы лотереядан ұтқан 1 млн долларды араққа жұмсаған

Башқұртстан республикасының астанасы – Уфа қаласында тұратын Рустем және Надежда Мухаметзяновтар отбасы бұдан бұрын лотерея ойынынан ұтқан 1 млн долларды ішіп тастаған.

Бұл туралы «Комсомольская правда» хабарлады деп жазады ras.kz.

Газет хабарлағандай, бұл отбасы мұндай көл-көсір табысқа 2001 жылы «Бинго-шоу» ойынының джек-потын ұту арқылы қол жеткізіпті. Сол кездегі ұтыс сомасы 28 млн рубль болған. Ол сол уақыттағы бағам бойынша тура 1 млн АҚШ долларын құраған.

Осы ұтыс қолдарына тигеннен кейін отбасы мүшелері түгелдей араққа салынып кетеді. Сол аралықтан бері олардың ешқайсысы жұмысқа тұрмаған. Олар тек арақ ішіп жата берген. Ара-тұра туған-туыстарына қымбат бағалы сый-сияпат сыйлаумен болған. Миллионерлер жұртқа  қарызды да жиі беріп тұрған.

Сөйтіп жүріп, Уфа орталығынан бірнеше элиталы үйді сатып алып та үлгерген. Екі пәтерді үй иелері болашақ ұлдарына бермекші болған. Мухаметзяновтар қалған ақшаларына отандық екі машина сатып алған.

Бертінде отбасының анасы бақилыққа аттанды. Ал әкесі мен ұлдары сатып алынған пәтерлердің бірінде бірге тұрады. Балалар көшеге көп шыға бермейді. Олар тек әкелері кезекті ішуге кетіп қалғанда ғана азық-түлік сатып алу үшін дүкендерге барып қайтады. Надежда Мухаметзянованың бар кезінде бұл үйде бір мезгілде 30 мысық дейін асыралған екен. Оларды әйел аяғандықтан көшеден теріп әкеліп жүрген. Көршілері бұл пәтерде қазір де мысықтардың баршылық екенін айтады.

Бұл үйден әлі ешкім де жұмысқа тұра қоймапты. Екі ұлдың бірі 27-де, екіншісі 25-те болғандарына қарамастан, осы уақытқа дейін еш жерде жұмыс істеп көрмеген. Олар бұрын сатып алынған пәтерлерді жалға беру арқылы күндерін көруде.

Ал бақытты билетті Рустем Мухаметзянов азық-түлік дүкенінде ақшасына қайтарма ретінде алған екен. Бұл оқиға 2001 жылдың қаңтарында болған. Уфа түбіндегі Черниковка деревнясында тұрған қарапайым отбасы осылайша бүкіл елге танымал болып шыға келген. Сол кезде елдің орталық телеарналары Мухаметзяновтар туралы арнайы сюжеттер де берген.

Осы жылдарда миллионерлердің ақшасына пысықай «туыстары», алаяқтар талай мәрте шабуыл да жасапты, бір рет тіпті пәтерлерін де тонап кетіпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1016795-reseylik-otbasy-lotereyadan-utqan-1-mln.html