RU

Бақтияр Артаевтың бапкері "Астана арландарының" тізгінін қолға алды (фото)

Қаңтардың 23-і күні еліміздің «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымының шымылдығын ашады деп хабарлайды команданың баспасөз қызметі.

2010 жылы алғаш рет тұсауы кесілген жобаға биыл айтарлықтай өзгерістер енді. Бүкіләлемдік бокс сериясының басшылары жарысқа қатысуға ниет білдірген әлемнің он алты командасын төрт топқа бөлді. «Астана арландары» командасы жеребе қорытындысы бойынша Әзірбайжан, Өзбекстан және Пуэрто-Рика клубтарымен бірге D тобына түсті.

А тобы: Куба, Украина, Түркия, Қытай;

В тобы: Мексика, Марокко, АҚШ, Ұлыбритания;

С тобы: Ресей, Аргентина, Польша, Венесуэла;

D тобы: Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Пуэрто-Рика;

Бүкіләлемдік бокс сериясының алтыншы маусымына арналған ереже бойынша әр топтан үздік шыққан екі команда жарыстың ширек финалына өтеді. Топтық бәсекенің жекпе-жектері айналмалы жүйе бойынша өтеді.

Былтырғы маусыммен салыстырғанда биыл командалар санында өзгеріс жоқ. Алайда, жобаға екі бірдей команда қосылды. Атап айтсақ, Түркия командасы араға үш жыл салып, жарысқа қайта оралды. Соңғы рет түріктер 2011/2012 жылғы маусымда қатысқан. Сондай-ақ, биылғы додадан тұңғыш рет өзбекстандық команданың өнерін тамашалаймыз. Өзбек боксшылары «Астана арландарымен» D тобында жұдырықтасады. Түркия мен Өзбекстан командалары Алжир мен Италия командаларының орнын басты.

«Астана арландары» кәсіпқой бокс клубы 2010 жылы Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың бастамасымен құрылды. Команданы әр жылдары Бейбіт Есжанов, Сергей Корчинский, Марат Жакиев сынды білікті бапкерлер жаттықтырды. Жаңа маусымда «арландарды» Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков бастап шығады. Нұрлан Сәкенұлы Афины олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаевтың жеке ұстазы. Ол бұған дейін команданың бапкерлер штабында жұмыс істеп, жекелеген боксшылармен бапкерлік тәжірибесін бөлісті.

Нұрлан Ақүрпековтің келуімен бапкерлер кеңесінде біраз өзгерістер орын алды. Былтыр бас бапкер Марат Жакиевпен тізе қосып қатар жұмыс атқарған Нұрғали Сафиуллин мен Александр Стрельников биыл Олимпиада жылы болғандықтан ұлттық құрамаға қарай ойысты. Қазіргі таңда команданың бапкерлер штабында Болат Жұмаділов, Бейбіт Есжанов, Нүркен Андасов, Ермек Ертаев және Андрей Спиридонов сынды білікті бапкерлер бар. Тағы бір айта кетерлігі, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов «арландар» командасында кеңесші қызметін атқарады.

«Астана арландарының» жаңа құрамына 30 боксшы тіркелді. Былтыр өнер көрсеткен Данияр Елеусінов, Қайрат Ералиев, Жәнібек Әлімханұлы, Василий Левит, Иван Дычко сияқты тәжірибелі боксшылар Рио-де-Жанейро олимпиадасына байланысты ұлттық құрамаға қосылды.

«Астана арландарының» 2016 жылғы құрамы:

49 келі: Мардан Берікбаев, Теміртас Жүсіпов, Жомарт Ержан;

52 келі: Олжас Сәттібаев, Азамат Исақұлов, Азат Махметов;

56 келі: Мейірболат Тоитов, Нұрбол Қалжанов, Нұрсұлтан Көшеғұлов;

60 келі: Зәкір Сафиуллин, Ержан Мұзафиров, Бекдәулет Ибрагимов;

64 келі: Самат Бәшенов, Асқат Уәлиханов, Сабыржан Бақбергенов;

69 келі: Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов, Бекзат Халметов;

75 келі: Мейірім Нұрсұлтанов, Аманкүл Әбілхан, Ерік Әлжанов, Рустам Сваев;

81 келі: Әли Ахмедов, Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек;

91 келі: Мұхамеджан Еркін, Рахман Әлжанов;

+91 келі: Нұрсұлтан Аманжолов, Қамшыбек Қоңқабаев, Нұржан Бекзатов.

Бүкіләлемдік бокс сериясының тарихында «Астана арландары» командасы ең көп жүлде алған ұжымдардың бірі. 2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жобада «арландар» екі рет бас жүлдені (2013, 2015) жеңіп алса, 1 рет (2011) екінші орынды иеленді. 2012 және 2014 жылдары жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Бүкіләлемдік бокс сериясында жүлде алған командалар саны – 9. Олардың ішінде 4 команда ғана аталмыш жобаның жеңімпазы атанған.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1017180-baqtiyar-artaevtynh-bapkeri-astana-arl.html