Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ираннан санкция алынған бойда теңге бағамы құлдырап кетті

Опубликовано:

Иранға салған санкциясын алуы әлемдегі геосаяси жағдай мен дағдарысты ушықтыра түсті. Мұнай нарығына ірі ойыншының қайтып келуінен Сауд Арабиясының қор биржасы құлдыраса, кейбір елдер доллар сатуды тоқтатты.

Бұл әсіресе осы шикізатқа тәуелді мемлекеттер үшін қиын болғалы тұр деп хабарлайды КТК арнасы.

Ресми Теһраннан шектеу алынған соң, қазірдің өзінде мұнай 28 долларға арзандап, теңге тағы антирекорд жаңартты. Таңертең 13 теңгеге қымбаттаған доллар, түс ауа тағы 4 теңгеге өсіп, қазір 376-дан сатылып жатыр.

Әлемдік мұнай нарығына жылдар бойы экономикалық қыспақта болған ірі ойыншының бірі қайтып келді. Ираннан санкцияның алынуы енді мұнайға тәуелді елдер үшін ауыр соққы. Өйткені, осы шектеу алынған соң, Теһран да қайта нарыққа кіріп, «қара алтын» көлемі артады. Бұл, онсыз да сұраныстың аздығынан 28 долларға дейін төмендеген мұнай бағасын тағы арзандататыны анық.

Теһранға салынған санкцияның алынғаны сол еді, мұнайдың артынан теңге де құнсызданып кетті. Күні бойы көз ілеспес жылдамдықпен 17 теңгеге дейін өскен доллар бағамы 376-ге бірақ шарықтады. Кей жерлерде көк қағаз тіпті, 378 теңгеден сатылып жатыр. Ал, Араб елдерінің қор биржасы құлдырып, Әзірбайжанда ақша айырбастау орындары жұмысын тоқтатқан. Бұлай жалғасса, мұнай баррелі 15 долларға дейін төмендеуі ғажап емес.

"Иран мұнайын арзанға сатып жатса, Сауд Арабиясы да қарап қалмайды. «Қара алтын» экспорттаушы екі ел бағаны төмендетіп жарысуы мүмкін. Бұл әрине, мұнай құнын одан сайын төмендететіні сөзсіз. Ал, Қазақстан  үшін бұл тиімсіз", - дейді Экономикалық зерттеу институтының қызметкері Мадияр Кенжеболат.

АҚШ пен оның одақтастары уран өндіріп, атом бомбасын жасамақ болды деп Иранға санкцияны 2005 жылы салған. Содан бері әлеммен экономикалық қатынасын үзген ел жоқшылықта өмір сүріп келді. Енді шектеу алынып, нарыққа жол ашылған соң, шетелдік банктердегі өзіне тиесілі активтерге қол жеткізіп, мұнайын экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Ел президенті Хассан Роухани бұл күнді Иран тарихының «алтын парақшасы» деп атады.

"Иран мұнайының өзін-өзі ақтау құны өзгелерге қарағанда төмен. Яғни, барреліне 10 доллар. Сондықтан мұнайды қазіргі бағадан төмен сатсақ та пайдаға кенелеміз. Бірақ, қара алтын құнының өскені жақсы, әрине", - деді Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилу.

Егер Иран мұнайын өзгелерге қарағанда арзаннан ұсынатын болса, Қазақстан, Ресей секілді елдердің нарығын да жаулап алуы мүмкін. Ал, бұл бірінші кезекте шикізатқа тәуелді елдердің экономикасын одан сайын шайқалтып жіберері сөзсіз. Себебі бюджетке түсетін кіріс азаяды.

Осылайша, Ираннан санкция алынса, мұнай одан сайын арзандап, теңге құнсызданады деп қауіптенген сарапшылардың айтқаны айдай келді. Енді Теһран ел экономикасын әлдендіруді ойлап, мұнай нарығын жаулауға кіріспек. Ал, санкция алынған соң, Иранмен ең алғаш болып Қазақстан келісімге келді. Енді Астана мен Теһран арасында тікелей әуе рейстері ашылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/1017554-irannan-sankciya-alynghan-boyda-tenhge-b/

pixel