RU

Атыраулық шенділер чехиялық жиһазбен жабдықталып, түрік моншасы салынған үйде тұрғысы келеді

Атыраудағы  Нұрсая ықшамауданында Ішкі істер департаменті өкілдеріне арнайы мақсаттағы үй салынған болатын. Дағдарыс кезінде қыруар қаржыға салынған үй облыс әкімінің ашуын келтірді.

Бұл туралы Ақ жайық басылымы хабарлайды.

Әкім осы бір даулы үй туралы қайдағы бір құпия тапсырмаларға сілтеме жасап, нақтылап айтудан бас тартқан еді. «Бәлкім, ҰҚК жұмысы жөнінде де сұрар. Олар қашан келетіні, немен айналысатыны керек шығар», - деген болатын.

Депутаттар мен баспасөздің көз алдын тұмандатып, көңілін аударуға тырысқанымен, «ІІД-нің қонақ үйі» басында режимді нысан болмағаны анық. Әлі күнге дейін оның жобалық-сметалық және қаржылық құжаттамаларына көптеген мемлекеттік қызметшілердің қолы еркін жетіп отыр.

Құрылыс жүргізу мен жауапкершілікті әдейі мойнына артқан қалалық әкімдіктің қызметкерлерінен басқа да адамдар бұл туралы айта алады. Ғимарат та мемлекеттік реестрге тұрғын үй ретінде тіркелген.

Нұрсая ықшамауданының орталығына салынған 12 пәтерлі 4 қатарлы үйде 2 лифт жұмыс жасайды, әр пәтердің ауданы – 250 шаршы метр. Бірінші қатарда түрік моншасы (хамам), сауна, бассейн орналасқан, барлығы да қымбат құрылыс материалдарынан жасалған. Пәтерлерде қазірдің өзінде чех ас үй жиһазы, қымбат сантехника орнатылып, шетелдік жиһаздарды әкеліп жатыр.

Жаңа тұрғын үй алушылардың тізіміне облыс әкімінің орынбасарларының бірі, барлық құқық қорғау органдарының басшылары (бұрынғы қаржы полициясының басшысы жоқ) тіркелген.

Қаңтар айында көшуді жоспарлап қойған екен, алайда  басылымға мақала жарияланған соң  құқық қорғаушылардың бойларын жеңіл үрей билеп, өздерінің қарапайым тамдарында отыра тұруды жөн көріпті.

Бейресми ақпарат көздерінің айтуынша, газет мақаласы ондаған мундирлердің абыройын сақтап қалған екен – пәтер иелері қоныс той тойлап, ұятқа қалмағандарына қуанып отыр екен.

«АЖ» ақпараттары бойынша, көтерілген даудан кейін облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының өзі «қонақ үйге» жеке барып, қарамағындағы адамдардың дағдарыс кезінде құқық қорғаушыларға өте жайлы «арнайы нысан» салып бергенін көзімен көріп, қатты ренжіпті.

Үйді тез арада полицияның балансына өткізіп, бір қатарды «Арлан» және жедел әрекет ететін арнайы жасаққа беріп, қымбат жабдықтар мен шетелдік кафельдерді сындырып алмауды қатаң тапсырыпты.

Әкеліп үлгерген шетелдік жиһаздардың бір бөлігін ІІД нысандарына бөліп беруге шешім қабылдапты.

Естеріңізде болса, атыраулық ІІД өкілдері браконьерлерді ұстау үшін 1,3 млн долларға катер сатып алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1017565-atyraulyq-shendiler-chekhiyalyq-zhihazbe.html