RU

Отандық БАҚ телеарналардағы "тойлап бітпейтін думанға" шүйлікті

Namys.kz порталы отандық телеарнадағы жұлдызды бағдарламалардың көбейіп кеткенін сынады.

"Бұл не деген тойлап бітпейтін думан, көк жәшікті қосып қалсаң, бір дүбәра жұлдыз, дүмбілез әнді шырқайды да жатады. Не әнші де ұят жоқ, не оны эфирға жіберіп отырған телеарна қызметкерінде ұят жоқ. Бірі атақ үшін ардан безсе, екіншісі ақша үшін ардан безген", - деп жазады мақала авторы.

"Жасыратын түгі де жоқ, экранды жаулап алған мына әртіс бейбақ текке тайраңдап жүрген жоқ, ана екінші бейбақтың көмейіне ақша жүгіртеді де, экранда сайрандайды. Халық байқұс экраннан түспей қойған әртісті  жарқыраған жұлдыз деп ойлайды. Не әнінде, не сөзінде мән жоқ", - деп жалғастырды ашынған автор.

"Ақыры халық осындай дүбәра әнді өнердің шыңы немесе асқан шедевр деп түсінеді. Себебі, халықтың миында баяғыдан бері «теледидарда тек мықты әндер ғана шырқалады» деген қатып қалған түсінік бар. Содан халық қайтеді, жаңағы әуендер арқылы қазіргі өнерді бағалайды. Жастар жағы көзсіз еліктейді… Кезінде Гитлерден Совет елін жаулап алған соң қандай саясат қолдансыз деп сұрағанда, «Жаулап алған елдерге, әсіресе шығыс халықтарына ертеден кешке дейін музыка тыңдата беру керек, ойлануға мүмкіндік бермеу керек. Себебі, адам неғұрлым рухани жағынан саяз болса, соғұрлым өзін бақытты сезінеді» деген. Қазір біздің телеарналар осы Гитлердің орындалмай қалған арманын орындап жатыр", - делінген мақалада.

"Телеарна басшылары ең болмағанда бір сәт халықты ойласаңдаршы, күндіз-түні эфирде саяз әндер мен қалжыңбас әртістерді сайрандатып қойдыңдар. Мәнсіз музыка сау адамды жынды қылады. Оны ғылымдар баяғыда дәлелдеп тастаған", - деп аяқтады автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1017932-otandyq-baq-telearnalardaghy-toylap-b.html