RU

Былтыр Қытайдың экономикалық өсімі баяулап қалған

Қытай экономикасының өсімі 2015 жылы 6,9 пайызды құрап, 1990 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке түсті. 2014 жылы Қытай экономикасының өсімі 7,3 пайыз болған.

Пекин 2015 жылы экономикалық өсім 7 пайыз болады деп болжаған. Әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші ірі экономика саналатын Қытай экономикасының ахуалы инвесторларды алаңдатады. Қытай қазір экспорт пен инвестицияға емес, қызмет көрсету саласы мен ішкі тұтынуға негізделген экономика құруға тырысып жатыр.

Қытай премьер-министрі Ли Кэцян бұған дейін елде жеткілікті жұмыс орны ашылғандықтан экономиканың баяулауына алаңдамауға болатынын айтқан.

Бірақ кейбір сарапшылар Пекин көрсеткіштерді "қолдан көтермелегенін" жоққа шығарса да, Қытай экономикасының дамуы ресми көрсеткіштен біраз төмен дейді.

Қытайдың экономикалық даму қарқынының баяулауы Қытай орталық банкін 2014 жылдың қарашасынан бері негізгі пайыздық мөлшерлемені алты рет азайтуға мәжбүрлеген.

Қытай әлемде энергетикалық шикізат сатып алатын ең ірі ел болғандықтан Қытай қор нарықтарындағы бағалы қағаздар котировкасының құлдырауы әлемдік қор нарықтарында бірнеше рет дүрбелең тудырған.

2015 жылы Қытайдың халықаралық резервтері 512,6 миллиард долларға азайып, 3,33 триллион долларға түсті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1017992-byltyr-qytaydynh-ekonomikalyq-osimi-b.html