RU

Астанада қамауға алынған полиция қызметкері тергеу абақтысында аштық жариялады

Астанада қамауға алынған полиция қызметкері тергеу абақтысында аштық жариялап жатыр деп хабарлайды 31 арна.

Есіл ауданы криминалды полиция бөлімінің бастығы Қайрат Бекпанов өзіне тағылған айыппен келіспей, осындай қадамға барды дейді зар жылаған туыстары. Ал ері қамауға алынған кезде айы күні жетіп отырған келіншегі ерте босанғаны өз алдына, шала туған сәбиіне есім де бермей жылап отыр. Ішкі істерде 10 жыл қызмет істеген полицей құзырлы органдар арасындағы текетірестің құрбаны болды дейді наразы отбасы.

Дүние есігін шыр етіп ашқанына апта өтсе де әлі азан шақырылып аты қойылмаған нәрестенің анасы қызын көтеріп күнін жылаумен өткізіп келеді. Жолдасын уайымдағаннан жас босанған келіншектің сүті де жоғалып, аш бала шырылдай береді екен. Жаңа туған сәбидің әкесі, Есіл аудандық ішкі істер бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің басшысы Қайрат Бекпанов те қамауға алынған 11 қаңтардан бері тергеу изоляторында аштық жариялап жатыр. Есі кірген үш баласына әкелерінің абақтыда екенін әрең естірткен Эльмира "он жылдан бері үй көрмей ішкі істерге адал қызмет істеген жолдасымның не үшін істі болғанынан да хабарсызбын" дейді.

Жұмысқа кеткен күйеуінің абақтыдан бір-ақ шыққанын естігенде Эльмира уақытынан бұрын босанып қалыпты. Адвокатының айтуынша, "Қайрат Бекпановқа адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іске қатысты түсінік берген куәгерлерге қысым көрсетті деген 2 баппен айып тағылған". Алайда туыстары "криминалды полиция бастығы қанды қылмысты тек тіркеп, істі тергеушіге өткізді. Айып таққан прокурор, ал қылмысты деп танып, соттаған судьялар. Сондықтан, үкім шығып, тіпті аппеляциялық сот өзгеріссіз қалған істің жарты жылдан кейінгі былығына неге бауырымыз жауап береді?" - деп ашынады. Яғни олар "істі тергеп, сот процесін жүргізгендер де жауапқа тартылсын" деп есептейді.

Ал Қайрат Бекпановқа айып таққан арнайы прокуратура өкілдері істің тергеліп жатқанын желеу етіп, түсінік беруден бас тартты. Белгілісі, криминалды полиция бөлімінің бастығы сот санкциясымен 2 айға тергеу абақтысына қамалған және аштық жариялауын қазір тоқтатқан. Ал полицейдің туыстары қызметінен әлі кетпеген Қайратты ең болмаса кепіл қою арқылы бостандыққа шығарсын деген өтінішпен құзырлы органдарға шағымданып жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1018818-astanada-qamaugha-alynghan-policiya-qyz.html