RU

Мұқағали мен Фаризаның өлеңдерін шатастырып алған Дана Нұржігіт сөзге қалды

Дана Нуржигит
Фото: Getty

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт аз уақыт бұрын ғана эфирге жол тартқан "Дара жол" бағдарламасында Мұқағалидың өлеңін Фаризанікі деп жаңылысқаны үшін басы дауға қалды.

Жиырма жыл эфирде жүрген журналистің қатесі көрермендер назарына бірден іліккен. Мүлт кеткен жүргізушіні айыптаушылар әлеуметтік желіде шу көтеріп, бағдарламаны  «Сенбілік кездесудің» көшірмесіне теңеген.

Дана Нұржігіт бір ауыз сөзден жаңылғанын «жыр қылғандардың» сөзі жанын ауыртқанын "Ұлан" газетіне берген сұхбатында алға тартады.

"Соншалықты ыршып, шошып кететіндей қателік те емес сол сөздер. Дегенмен, бір сөзден жаңылсаң да, аузыңды бағып отырған халықтың алдында жауаптысың. Демек, олар сенен үлкен биіктікті, біліктілікті күтеді. Тіпті, қарапайым өмірде өзіңді ұстауың, жұртпен қалай сөйлесесің, қалай киінесің – бəрі сын. Дүкенде тұрсаң да, сырт көздің бағып тұрғанын сезіп, шалт қимылдамауға тырысасың", - дейді тележүргізуші.

Сондай-ақ, Дана Нұржігіт әңгіме арасында "Дара жол" бағдарламасының келесі кейіпкерлеріне тоқтала кетті. Тележүргізуші халықтың сүйікті спортшылары Қанат Ислам, Денис Теннің «Дара жолын» көрермен көктемде тамашалайтынын айтып қалды.

«Дара жол» – ұжымдық жұмыстың жемісі. Бəрі менің қолымда болса, біраз нəрсені өзгертер едім. Мəселен, декорацияны өзгертер едім. Бұл қаражат мəселесіне келіп тіреледі. Ал мазмұнына келсек, маған жобаның бекітілген шеңберінен шығуға болмайды", - деді Дана Нұржігіт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1019172-tanymal-zhurgizushi-muqaghalidynh-olenhi.html