RU

Гулливерлер әлеміндегі ергежей: Ақтаудағы ергежейлі ерлі-зайыптылардың ерекше өмірі

Бойлары 1 метрден сәл ғана асатын ерекше отбасы Ақтауда тұрады. Отағасы Жеңіс Қарасаев өзі секілді бәкене бойлы Сайрашқа үйленген. Осыдан 4 ай бұрын Қуаныш есімді ұлдары өмірге келіп, шаңырақтары шаттықа толған жанұя.

Қарасаевтардың жанұясында «Лада»порталының тілшілері қонақта болып, аласа бойлы азаматтардың өмірімен танысып қайтты.

Ергежейлі адамдардың ішінде Кеңес үкіметі тұсында 20-дан астам киноға түскен Владимир Федеров қазақ халқына жақсы таныс. Ол ертегілер мен театрландырған қойлымдардың негізгі рөлдерінде сомдап көпшіліктің есінде еңбекқорлылығымен қалған. Сонымен қатар ,әкене актердың біз білмейтін қырлары көп. Мәселен, ол 40-тан астам ғылыми еңбек жазған, танымал физик,  электр жүйесін жақсы меңгерген шебер.

Әке-шешесі ерте қайтыс болып Владимирдің қолында 2 інісі қалған. Бойының аласалығына қарамастан ол дені сау бауырларын оқытып, бірталай шаруа тындырды. Владимир Федоров жоғары білім алған, көп жетістікке осы білімінің арқасында жеткен. Ал, Жеңіс Қарасаев болса білімге құштар болғанымен, білім саласындағы биік шенділердің кінәсінен оқи алмады.

«Білім жүйесіндегі шенеуніктер менің мүгелдек балалар интернатында 5 жыл оқығаным жетеді деді. Осы уақыт арасында мен сабақты тек  5-ке оқыдым, оны да ескермеді. Ары қарай жалғастыруға мүмкіндік бермеді», - дейді Жеңіс.

Жеңіс бос уақытында көркем әдебиет оқығанды жақсы көреді. Оның мектеп қабырғасында үлгілі оқушы болғаны сөйлеген сөзінен-ақ түсінуге болады. Бала кезден футболға жақын, бокс үйірмелеріне қатысып, ұзақ уақыт спортпен шұғылданған.

«Жарысқа қатысып, шаршы алаңда өнер көрсеткен емеспін. Себебі, бойым өте кішкентай. Менің салмағымда қарсылас жоқ еді. Сонда да қоймай спорт залға барып, бокспен айналыстым», - дейді ол.

Ақтаудағы боксер жігіттер ешқашан Жеңісті ренжіткен емес. Керісінше қорғаштап қолдарынан келгенін аямаған. Олардың біразымен Жеңіс әлі күнге дейін араласып тұрады. Спортты қойған жігіттердің барлығы отау құрып, түрлі салада қызмет етуде. Тек Жеңіс Қарасаев қана екі қолға бір күрек таппай жүр.

Жеңістің отау құруының өзі ерекше. Осыдан 10 жыл бұрын бүйрегі ауырып Алматыдағы аруханаға жатады. Сол жерден бір келіншек Жеңіс секілді бойы аласа туысының бар екенін айтып, телефон нөмірін қалдырған.  Артынша жастар  6 жыл бойы тек ұялы байланыс арқылы хабарласып, сөйлесіп отырған. Олардың кездесуінде көп кедергі болды. Сайраштың анасы өмірден қайтты, артынша әкесі көз жұмып, кездесу кейінге шегеріле берген.

Алайда, Жеңіс қалауынан бас тартпай, ұзақ уақыт күтіп, ақыры өзі секілді пәкене бойлы аруды өмірлік жары етіп,  дүркіреген тойды Ақтауда жасады.

Сайраш – нағыз келін. Тамағы дәмді, ісіне ұқыпты. Бойы 120 сантиметр бола тұра үйдегі жиһаздың барлығын биік адамдарға арнап жасатқан. Ас дайындау, ыдыс жуу үшін де ол кішкене үстелдің үстіне шығады.

«Ал, жиһаздардың жоғарғы сөресіндегі заттарды алу үшін ол екі орындықты бірінің үстіне бірін қойып барып шығамын», - дейді Сайраш.

Осыдан 4 ай бұрын Жеңіспен Сайраштың ортақ ұлдары Қуаныш өмірге келді. Бойы аласа келіншек үшін бала өте үлкен болған. Сондықтан да ота арқылы босандыру үшін Алматыдағы арнайы орталыққа жатқызылыпты.

Қуаныш кәдімгі сәбилер секілді салмағына бойы сай. Алайда дәрігерлер оның болашақта бойының қандай болатынын дөп басып айта алмайды. Ата-анасы секілді аласа бола ма әлде бойы ұзын бола ма ол жағы белгісіз.

Жеңістің бойының өспей қалу себебі генетикалық ауытқуларға байланысты. Бала кезінде дәрігерлер жұлынына қате ем жасап, салдарынан өмір бойына ергежейлі болып қалды.

Ал, Сайраштың бойы туа бітті аласа. Ол, тіпті ешқашан намыстанбағанын айтады.

«Менің бірге туған әпке, ағаларымның бойлары ұзын. Олар маған кішкене кезімнен айтатын бойың аласа болады деп. Мен бұған дайын болдым. Мектепке барғанда да басқа қыздардан өзгеше екенімді түсіндім. Мені бойымның аласалығы емес, өзге адамдардың сыртымнан сұқтана қарап, мені сөз қылатыны жаныма батады. Жұмысқа тұрсамда барлығы төмендетіп қарайды. Бойым аласа болса да басқалармен тең жұмыс жасаймын», - дейді ол.

Сайраш алғашында Ақтаудағы балабақшада бала күтуші болып жұмыс жасағысы келген. Алайда,  білім саласындағылар келіншектің ынтасына балта шауып, жұмысқа қабылдамаған.

«Маған сен кәдімгі адам секілді емессің, сондықтанда бала қарауыңа  ата-аналар қарсы шығады. Ал, бүлдіршіндер сенен қорқатын болады», - деп күрсініп еске алады Сайраш.

Ал Еуропада керісінше балабақшаға бойы аласа азаматтар жұмысқа тұрса қуанады. АҚШ-та балалар емханасына ергежейлі азаматтар дәрігер болып келуін қос қолдап қолдайды. Олар бойы аласа адамдардан балалар қорықпайды, өзі қатарлас екен деп сеніп, тез тіл табысатынын дәлелдеген. Ал, бізде пәкене бойлылар мүгедектер қатарына жатқызады.

Жеңіс ешқашан жұмыстан қашқан емес. Бұрын аула сыпырушы болып жұмыс жасаған. Қазір де осы іспен аз жалақыға болсын жұмыс істеуге дайын. Алайда отбасы Жеңістың анасының зейнетақысымен, азғантай жәрдемақыға жан бағып отыр.

«Жұмыс болса жақсы болар еді.  Ең бастысы өмір сүру жеңілдей түседі.  Бұрын мен күзетшіде болғам», - дейді Жеңіс.

Жеңістің кейпіне қарап көпшілік оның күзетші болғанына сене бермейді. Алайда ол жәй ғана қарауыл емес, күзетшілердің бастығы болған. 5 азамтты басқарып, жеке кәсіпкердің бизнесінің қауіпсіздігін қадағалапты. Алайда кәсіпорын құрдымға кетіп, Жеңіс жұмыссыз қалды.

Журналистердің мақаласынан кейін Қарасаевтарды қазақстандықтардан басқа, Ресей халқы жақсы тани бастады. Еліміздегі барлық басылымдар ергежейлілердің ерекше өмірі жайлы жазып, көпке үлгі етуде.

Тіпті отбасы тележобаға түсу үшін Астанаға да шақырту алған. Оларды әуежайдан күтіп алып, күні бойына түсіру алаңында болып, кейін қайтадан ұшаққа салып жіберген. Осылайша армандаған Астананы жұбайлар тек көліктің терезесінен ғана көрген.

Барлық жерде Қарасаевтар отбасысы жайлы бір текті мақала жарияланғанымен оларға жұмыс беріп, көмек қолын созған бірде бір адам жоқ. Жеңіс өткен іске өкінбейді. Арманы тұрақты жұмыс тауып, отбасысын ел қатарлы асырау.

Жеңіс Қарасаевқа жұмыс берем деушілер үшін байланыс нөмірі: 8 702 544 5930.

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1019460-gulliverler-alemindegi-ergezhey-aqta.html