RU

Ақтөбелік келіншектің қазасынан соң аймақтағы бас дәрігерлер қызметінен кетуі мүмкін

Науқасты қабылдамай, сенделтіп қойған аурухананың бас дəрігерлері Сапарбаевтың алдында жеке жауап беретін болды.

NUR.KZ порталына ақтөбелік тұрғын дəрігерлер қолынан келінінің қалай қаза тапқанын айтып берген болатын. Бес бірдей аурухана арасында бірнеше күн бойы сенделген науқас дəрігерлердің жауапсыздығынан көз жұмды. 24 жастағы келіншектің артында қалған бір жастағы баласы бар.

Ақтөбеде тіркелген жантүршігерлік оқиғаға облыс əкімі бей-жай қарай алған жоқ. Облыстың бас дəрігеріне мəн жайды анықтауға тапсырма берді.

"Бұл не масқара? Жанашырлық танытып, адами көзқараспен ең болмаса қай ауруханаға баратынын айтатын бір адам болмағаны ма? Этика, мəдениет аз. Жағдай бұлай болмайды. Бəрін тексертемін. Науқасты қабылдамаған ауруханалардың бас дəрігерлері қызметінен кетуі мүмкін", - деді Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі ЖОО аралауды бастаған облыс əкімі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне барлық ауруханалардың бас дəрігерлерін жинады. Сапалы қызметті талап етті. Облыстық жедел жəрдем ауруханасының бас дəрігері Рахымжан Арыстанды тұрғызып, дəрігерлердің жауапсыздығының себебін сұрады.

"Неге дəрігерлер пара алады? Жұмыстарына жауапсыз қарайтындарының себебебін айта аласың ба? Университетті бітірген мамандар сендерге барғанша сондай болып бара ма, болмаса, сендерге барып бұзыла ма?",-деген облыс əкімінің сауалына күмілжіп бас дəрігер жауап бере алған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1019467-aqtobede-nauqasty-qabyldamay-sendel.html