RU

Депутаттар өздеріне 1 жарым млн теңге өтемақы берілетінінен бейхабар болып шықты

Сайлаудың болғанынан боладысы қызық. Президент науқанды жүргізуге  пәрмен бермесе де, шенділер қай партияда, кімді додаға шығаратынын анықтап әлек.  Алайда, жаңа жұмыс іздеп, түйіндемесін таратып жүрген ешкім жоқ деп хабарлайды Алматы арнасы.

Шенділердің мерзімінен бұрын таратылуға асыққандары соншалық, пленарлық отырыстың да сұрақтары біршама кеміген.

Әдеттегі мәжіліс отырысына келген депутаттар екіұдай күйде. Күн тәрбіндегі мәселелер саны да біршама қысқарған. Бірінен кейін бірі пленарлық отырысқа ағылған халық қалаулылары заңнама қабылдаудан бөлек, өтуі мүмкін науқанға бас қатыруда.

107 депутаттың бәрі алдағы сайлауға қатысуға ниетті. Тек президенттің пәрменін ғана күтіп отыр. Партия қалап, жұрт қолдаса, жылы орынтақтарына барлығы дерлік қайтып келмекші. Түйіндеме толтырып басқа жақтан жұмыс іздеп жүрендердің қарасы да көрінбейді бұл жолы.

«Біздің саяси партия шешім қабылдаса, мен парламентте жұмыс істеймін. Басқа шешім қабылдаса, басқа жерде жұмыс істеймін»,- деді депутат Тәңірберген Бердіоңғар.

Жарты сағатқа ғана созылған пленарлық отырыстан шыға сала депутаттар сайлауалды науқанды талқылауға кірісіп кетті. Министрлерге баға берді. Әріптестерінің жұмысына тоқталды.

Өз еркімен мерзімінен бұрын мәжілістің тарауын тілеген депутаттарға әрқайсына 1 жарым миллион теңге берілетіндігін бұған дейін де ескерткен болатынбыз. Десе кейбір мінбердегілер бұл жаңалықты бүгін ғана естідік деп білмеген кейіп танытты.

«Негізінен қанша айлық есептік көрсеткіш берілетіндігін сізден қазір ғана естіп біліп отырмын. Экономикалық саладағы министрлердің барлығы жақын маған. Досаев, Исекешев, Сұлтанов. Ал, Тамара Дүйсенова адамгершілігі жағынан өте ұнайды. Білімді, жүректі азаматша екен»,- деді депутат Азат Перуашев.

«Мынау айтып жатыр ғой, бір рет болды, екі рет болды деп. Неге орын бермейді деп ойлайтын шығар. Десе де олардың еңбектері бар. Біз білмегенді үйренетін, ағаларымыз-апаларымыз болды»,- деді депутат Бақытбек Смағұл.

Қарахан басынан бөлек, қараша халықты да ойлайтындар көп депутаттар арасында. Барлығы өз кандидатурасын жарыса айтып жатқанда, Мәулен Әшімбаев  Иран мемлекетінен санкция алу жағдайын баяндады. Енді алдағы уақытта бұл мемлекетке Батыс елдері тарапынан кең көлемде ондаған миллард доллар инвестиция салынады.

«Алдағы уақытта мұнайдың төменгі бағасы қалады деген сараптамалардың нәтижесі көрсетіп отыр. Біздің мемлекетіміз мұнайдың осы бағасына бейімделуі керек. Осы бағада жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Мына шетелге мұнайдан басқа тауарларды шығаруға бейімделуіміз қажет»,- деді депутат Мәулен Әшімбаев.

Сайлау бола қалған жағдайда үш партияның науқанға қатысатындығы анық. Ал басқа саяси ұйымдардың жайында әзірге ешкім ештеңе айта алмайды. Президент парламентті мерзімінен бұрын тарату-таратпау жөнінде ресми шешімін жария етуі тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1019611-deputattar-ozderine-1-zharym-mln-tenhge-o.html