RU

ОҚО-да полиция қызметкері жүкті келіншекті көлігінде босандырып алды

Оңтүстік Қазақстан облысында учаскелік полиция қызметкері жүкті әйелді өзінің қызметтік көлігінде босандырып алды деп хабарлайды 24 арна.

Нұрлыбай Тасыбаев пен көмекшісі Жасұлан Пірімжанов сол күні арнайы рейдтік шарамен Қоғам ауылының маңын тексеріп жүреді. Тәртіп сақшылары 04.00 шамасында жол жиегінде тұрған шетелдік көлікті байқайды. «Мерседес-190» маркалы машинасының жүргізушісі көлігі бұзылып, аяғы ауыр келіншегін аудандық ауруханаға жеткізе алмай тұрғанын айтады.

Учаскелік инспектор ойланбастан ай-күні жетіп отырған келіншекті бірден күйеуімен бірге қызметтік машинасына отырғызып алып, орталық ауруханаға қарай ала жөнеледі. Жолда әйелдің толғағы келіп, тәртіп сақшысы оны босандырып алады.

Нұрлыбай Тасыбаев жарық дүние есігін ашқан қыз баланың кіндігін кесіп, шақалақты өзінің сыртқы киіміне орап ауруханаға жеткізеді. Аяқ-қолын бауырына жинаған Салтанат Қалмаханқызы сол күні тәртіп сақшылары болмағанда жолда суық көліктің ішінде босанып қалар еді.

«Толғақ қысып, қиналып жатқанымда полиция қызметкері қол ұшын созып, босандырып алды. Сәбиімнің кіндігін кескен ағай қиналғанымда өз әкемдей болып, бар білгенін үйретті. Шырылдаған сәбиді қолына алып, басымнан сипап, шырағым ана атандың деген кезде барып талықсып кетіппін», - дейді 1991 жылы туылған келіншек.

Тұяқовтар әулеті қыз баланың есімін Раяна деп қойыпты. Қазір нәрестенің денсаулығы жақсы. Тіпті құрсағындағы сәбиін қолына ұстаған келіншек ауруханадан шыққан. Жол бойында көзсіз батырлық танытқан тәртіп сақшыларына алғыстан басқа айтырымыз жоқ, - дейді сәбидің туыстары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1019746-oqo-da-policiya-qyzmetkeri-zhukti-kelin.html