RU

Үкімет шенеуніктердің жасырын миллиардтарын бәрібір тауып алатынын ескертті

Қағазша кедей, шын мәнінде миллиардтары бар кейбір әкімдер мен шенеуніктердің мүлкін заңдастыру науқанын үкімет тағы бір жылға ұзартқалы капиталын жариялағысы келетіндер саны артқан. Себебі бұл жолы заңға түзетулер енгізіліп, бұған дейінгі науқандағы кемшіліктер жойылып, талап жеңілдеген.

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Мамандар жалпыға ортақ декларация алдындағы соңғы мүмкіндікті қалай тиімді пайдалану керектігін түсіндіруде.

Тағы бір жылға созылған мүлікті жариялау науқаны жалпыға ортақ декларацияны енгізу алдындағы соңғы мүмкіндік. 2017 жылдан бастап заңсыз дүние-мүлік байларға, меншігін жарияламаған азаматтарға қиындық тудырады дейді мамандар. Айыппұл көлемі бір миллион теңгеге дейін. Тіпті, заңдастыру мерзімі аяқталған соң шетелдік шоттарды анықтау, иесін жауапқа тарту құзырлы орындарға оңай шаруа екен.

"Кейбіреулер ойлауы мүмкін, менің шетелдегі мүлкімді бұлар қайдан табады деп? Бұл жерде ешқандай қиындық жоқ. Себебі Қазақстан халықаралық Страсбург конвенциясының мүшесі. 2011 жылы бұл ратификацияланған. Осы заң шеңберінде тексеру шаралары жүргізіледі. Жүргізген кезде табу еш қиындық тудырмайды", - дейді  Алматы қалалық МКД бөлім басшысы Бекен Нұрахметов.

Бұл жолғы рақымшылық шарасында бірнеше жеңілдіктер қарастырылған. Жария болған мүлік иесі барлық жауапкершіліктен босатылады. Демек, тәркілеуге жатпайды. Шетелде мүлкі барлар заңдастыру кезінде меншігінің бағасын өзі белгілейді. Тек 10 пайыздық алым төлесе болғаны. Ал қаржыны жария етуге барынша жеңілдік жасалыпты.

"Банк шоттарына аудармай, алымды он процент мөлшерінде төлей отырып, ақшаны жария ету мүмкіндігін енгізу. Біз бұл нысанды - "декларативтік нысан" деп атаймыз", - дейді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Демек, шетел асқан қаржыны Қазақстанға әкелмей-ақ заңдастыруға жол ашылды. Ал қарапайым көпшілік жалпыға бірдей декларациядан еш қорықпайды. Себебі жарияланбаған қаржы, заңдастырылмаған мүлкіміз жоқ дейді.

Бұған дейін бір жарым жылға созылған мүлікті жария ету науқанында үкімет 12 миллиард доллар қаржы заңдастырылады деп болжаған. Алайда жарияланған қаржы көлемі 2 миллиард доллардан сәл асты.

Заңға тиісті өзгертулер мен жеңілдіктер енгізіліп, жариялау мерзімі тағы бір жылға созылса да, шетелдегі шоттарда жатқан миллиардтар жариялануға асығар емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1020084-ukimet-sheneunikterdinh-zhasyryn-milli.html